Астанада қыздарды қорлап, әдепсіз әзілдер айтқан блогер жазаланды

Қаракөз Амантай 25 авг. 2025 10:05

Астанада 33 жастағы блогер 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, ол түнгі клубта анайы сұрақтар қойып, дөрекі сөздермен түсірілген арандатушылық видеолар жариялап жүрген.

Ер адам аталған мекемеде арт-директор қызметін атқарып, блог жүргізген. Көрермен жинауды көздеген ол келуші қыздарға әдепсіз сұрақтар қойып, ашықтан-ашық қорлап, бейәдеп сөздер айтқан. Бейнелерде цензурасыз лексика қолданылып, оның әрекеті айналасындағыларды әдейілеп масқаралау ретінде бағалануы мүмкін.

Әлеуметтік желіде тараған бұл видеолар қоғамда үлкен наразылық тудырды. Көпшілік блогердің қылығын әдепсіздік пен адамды сыйламаудың үлгісі деп сынап, оны жауапқа тартуды талап етті.

Полиция оны ұстап, сотқа жеткізді. Шешім бойынша блогерге қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны, көпшілік алдында бейәдеп сөздер айтқаны және қоғамға құрметсіздік көрсеткені үшін 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

"Айыппұл төлеп құтылуға мүмкіндік беріңізші", – деп сот отырысында жалына сұрағанымен, блогердің өтініші қанағаттандырылмады.


Рекомендовать
Последние новости