Астанада баласын балабақша, мектепке апаратын ата-аналар жұмысқа кешірек келе алады

Сағыныш Сардарова 29 июл. 2025 13:13

Астанада баласын балабақша, мектепке апаратын ата-аналар жұмысқа кешірек келе алады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин жаңа жұмыс кестесінің тиімділігі жөніндегі сұраққа жауап берді.

Журналистер министрліктің жаңа жұмыс тәртібіне – 08:00-ден 17:30-ға дейінгі кестеге ауысқанына тоқталып, бұл басқа мекемелермен байланыс орнатуға қалай әсер еткенін және қызметкерлер үшін қаншалық қолайлы болғанын сұрады.

Комитет төрағасы бұл өзгеріс министрлік қызметіне оң ықпал еткенін айтты.

"Таңғы уақытта кептеліс жоқ, жол ашық. Сағат 07:30-да шықсаң, жұмысқа уақытында, яғни 08:00-де келіп үлгересің. Бұл өз кезегінде кешкі уақытта отбасымен, жеке шаруалармен айналысуға мүмкіндік береді", – деді Ерболат Әбілхатин.

Оның айтуынша, басқа мемлекеттік органдармен жұмыс барысында ешқандай қиындықтар болмаған. Сондай-ақ, Астана мәслихаты елордадағы өзге де мекемелердің жұмыс режимін қайта қарастыру мүмкіндігін талқылап жатқанын атап өтті.

"Жұмыс беруші кестені өз ыңғайына қарай белгілейді. Қызметкерлер тарапынан шағым түскен жоқ. Керісінше олардың көбі ерте жұмыстан шығуға мүмкіндік туғанына риза", – деді ол.

Журналистер алдағы қыркүйекте мектеп маусымы басталатынын еске салып, балалары бар қызметкерлерге қандай жағдай жасалатынын сұрады. Бұған жауап ретінде Әбілхатин ата-аналар үшін икемді кесте қарастырылатынын жеткізді.

Оның сөзінше, балаларын мектепке апаруы немесе алып кетуі қажет ата-аналар жұмысқа сағат 09:00–10:00 аралығында келе алады. Бастысы олар толық 8 сағаттық жұмыс уақытын орындауға тиіс.


Рекомендовать
Последние новости