Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер туралы ескертеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәселен, Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
"Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді", - дейді Ішкі істер министрлігі.
Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті.
ІІМ, көбіне өзгенің жеке банк картасын өзгелер қылмыстық мақсатқа пайдаланатынын тағы бір мәрте еске сала отырып, ел азаматтарына мыналарды ұсынады:
- ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз;
- күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.