Елордада салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамды маңызды әлеуметтік бастамаларға біріктіруге бағытталған «Астана – есірткісіз қала» атты кең ауқымды акция аясында 13 шілде күні бұқаралық жүгіру өтеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс-шара барысында қатысушылар 4 шақырымдық қашықтықты бағындырады. Жүгіру маршруты Арбаттағы Кенесары хан ескерткішінің алдынан басталып, Ырыскелді Қажы мешітінің жанындағы көпір астында мәреге жетеді.
Қатысушыларды тіркеу жүгіру өтетін күні таңғы сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Іс-шараның басталуы 09:00-ге жоспарланған. Тіркеу тегін. Қатысушылар саны 1300 адамға жеткен жағдайда тіркеу тоқтатылады.
Қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева бұқаралық жүгірудің спорттық жарыс мәртебесіне ие еместігін және осыған байланысты қала көшелері жабылмайтынын атап өтті.
«Іс-шара спорттық жарыс болып саналмайды. Қатысушыларға естелік медальдар табысталады. Қатысушылар Есілдің жағасындағы Кенесары хан ескерткішінің маңынан бастап, жағалау бойымен жүгіріп өтіп, Ырыскелді Қажы мешітінің жанында мәреге жетеді. Сонымен қатар, жүгіру соңында қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын аталған бұқаралық жүгіруге белсенді қатысуға шақырамыз», – деді ол.