Асқар Жұмаділдаев: "Қазіргі оқушы оқып отырған сабағын ұқпайды"

Dalanews 11 дек. 2019 12:11 1492

Академик, математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев қосымша сабақсыз, яғни мұғалімді жалдап оқытпай, қазір оқушыға мектептегі білімді үйрену қиын болатын жағдайға жетіп қалғанымыз туралы ащы шындықты айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 
"...Жалға сабақ беретіндер бар. Репетиторлардың дәурені жүріп тұр қазір. Бұл - біздің министрлік жасаған реформалардың "жемісі".

Бұл - біз жүргізген реформаның жүйесіздігі. Анаған еліктеп, мынаған еліктеп, босқа далақтағанымыздан солай болды. Қазір мектепте оқушы оқып отырған сабағын ұқпайды. Сондай деңгейге жеттік. Еріксіз қосымша сабақ алады бала содан", - дейді ол.

Ғалым білім саласында одырайып көзге оғаш көрініп тұрған бұл бір нәрсе емес екенін айтады.
"Мысалы, қазақтар жапонның көлігін мінгісі келеді, мініп те жүр, бірақ жапон өлшемдерімен өмір сүруді ойламайды.

Сол секілді америкалықтар құсап жалақы алғысы келеді, алып та жүр топ-менеджерлер, бірақ америкалық өлшеммен елді дамытуға бастарын да қатырғысы келмейді.

Бұл дұрыс емес нәрсе. Егер бір үрдісті алғыңыз келсе, оны толықтай, 100 процент енгізу керек. Біздің реформалардың ақсап жатқандығының бір себебі осында. Ана арадан бір жұлып, мына арадан бір жұлған шалағайлық бәрі.

Одан түк шықпайды. Қазір Қазақстанда ең коррупциялы кәсіпті атаңыз десе, мұғалім мен дәрігерді атайды. Неге? Өйткені бүкіл жүргізілген реформа осы екі қастерлі мамандықты аяқ астына тастап жіберді.

Әйтпесе кез келген мемлекетке барыңыз, мұғалімді ұстаз деп алақандарына салады, дәрігерді қалай құрметтейді. Ал бізде ешқандай құрмет жоқ.

Қарап тұрсаңыз, адамдардың көзқарасы мұғалімге де, дәрігерге де, полицияға да қарсы. Бұл дұрыс емес қой. Неге мұндай көзқарас қалыптасты, бұл үшін осы мамандық иесі кінәлі деп ойлайсыз ба, жоқ әрине", - дейді ол.

Асқар Жұмаділдаев Кеңес заманы мұғалімдері түгелсілген кейінгі кезеңді көз алдына елестете алмайтынын айтты.

"Мысалы, қазір Кембридж білім жүйесіне кіріп жатыр, қанша ақша шығарып оны сатып алдық. Егер сол жүйемен оқығандармен біздің балаларды салыстырса, біздікілер озып кетеді. Әсіресе, математика бойынша. Себебі олар Кеңес заманынан қалған білім жүйесінің инерциясымен қазір алда келеді. Кеңес заманы мұғалімдері құрыған соң құлайды мұның бәрі. Қазір де құлдырау бар бізде", - дейді ол.

Ғалым Қазақстанға ағылшын тілі бас бәлеге айналып келе жатқанын айтады.

- Біз балаларды ағылшынша оқытамыз дедік. Одан не пайда таптық, бәрі шетелге қашып кетіп жатыр. Бұл - қазіргі менің басты проблемам.

Оқытқан балаларымды қалай ұстап қалсам деп басымды қатырамын. Оның бәрін шетел экономикасын дамытсын деп оқыттық па сонда дейсің?


Басы істейтін, мықтыларды ұстай алмайсың. Қиын. Сондықтан маған ауылдан шыққан балалар ұнайды. Орыс тілін де, ағылшын тілін де білмейтін. Солар қалады менде, ал қалғандары бәрібір кетіп қалады.

Ғалым үштұғырлы тілге қатысты көзқарасын үнемі айтып жүргенін, бірақ оны жоғарыда естір құлақ жоқ екенін де баса айтты.
- Ұштұғырлы тіл деген немене? Бізге айтады, тарихтан басқа пәннің барлығы ағылшын тілінде жүрсін дейді. Демек, не деп жатыр біздің Үкімет? Қазақ тілі - ауыл-аймақтың тілі. Қазақ тілінде тарихты айтып, құйқылжытып ән сала бер дейді, бірақ іргелі ғылым қазақ тілінде сөйлемесін дейді. Осы дұрыс па? Өз-өзімізді кемсітіп отырмыз ғой сонда. Компьютер тілі қазақша болмасын, тағысын тағы дегендей.

Намыс деген әңгіме осы жерде шығуы керек. Намыс жоқ бізде. Менің түсінігімде, мектептердің барлығында барлық сабақ тек өз ана тілінде өтуі тиіс. Ал мектептен соң қай тілде оқиды бала, өзі білсін. Іргелі ғылымдарды ағылшынша оқытамын деп жүргендердікі бос сөз. Шындығында келгенде, тарихты ағылшынша оқытамыз десек, ол ақылға қонымды. Біздің тарихты басқа елдер де білсін, бұл насихат түрі ғой. Негізі, тіл проблема емес, проблема ғылымның өзі.Қазақ тілі байланыс құралына айналып, ғылым мен техниканың тіліне айналғанда ол өзіндік орнын табады. Бұл - мемлекеттің шаруасы. Мемлекет "100 кітап" деген бағдарламаны жалғастыруы тиіс. Алдында аударылған кітаптардың 90 проценті гумантиарлық салаға тиесілі. Жоқ, техникалық саладағыларды аудару керек бізге. Құр, қазақша сөйле деп ұрандағаннан пайда жоқ. Осындай іспен тындыру керек бұл мәселені, - дейді ғалым.

Асқар Жұмаділдаев бұл сұқбатты Алматы телеарнасындағы "Не істейміз" бағдарламасына берген.

https://youtu.be/FcviOZwVklw

Рекомендовать
Последние новости