Қазақстан әскери жүйеге жасанды интеллект (ЖИ) енгізе бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді әскерге шақырылатындарды түрлі әскер түріне бөлу кезінде жаңа жүйе төмендегі деректерді сараптайды:
- білім деңгейі
- отбасылық жағдайы
- антропометриялық көрсеткіштері (бойы, салмағы)
- денсаулық жағдайы
"Біз жаппай шақыру тәсілінен жекелеген іріктеу форматына көшеміз. ЖИ We нақты әрі тиімді бөлуге мүмкіндік береді", — деді қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Сонымен қатар жоғары оқу орнының студенттері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар автоматты түрде шақырылушылар тізімінен шығарылады — оларға бұл туралы SMS-хабарлама келеді. Ал алгоритмдер қалған азаматтарды қолда бар деректерге сүйеніп, қай әскер түріне жарамды екенін анықтайды.
Болашақта ЖИ модульдері әскерден қайтқан сарбаздарға арналған гранттар жүйесін қарастыратын "Sarbaz 2.0" бағдарламасына да енгізіледі.
Бұдан бөлек, Дархан Ахмедиев жақын арада әскери оқу орындарына құжат тапсыру e-Gov арқылы жүзеге асатынын айтты. Қазірдің өзінде "Askeri Ziyat" атты жаңа платформа жасақталып, енгізіле бастады. Ол платформа электронды күнделік, сабақ кестесі мен әскери білімге арналған онлайн кітапхананы қамтиды.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен оңтайландыру жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Мәселен, бұрын бірнеше айға созылатын арнайы тексеру мерзімі енді бірнеше күнге қысқарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі қатаңдатылған болатын.
Дегенмен бұл бастамалар арасындағы ең көп күмән тудырған тұсы – әскерге шақырылатындарды ЖИ арқылы бөлу жүйесі. Бір жағынан, жасанды интеллектке "қалтаға ақша салып, жылы орынға сұрану" мүмкін емес. Екінші жағынан, шенеуніктер бұл жүйені де айналып өтудің жолын тауып, артынан "бәрін ЖИ шешті" деп сілтеме жасап, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде жемқорлықпен күресті одан әрі қиындатады.