Инвесторлар түрік құрылыс компаниялары Асад режимі құлаған кейінгі Сирияны қалпына келтіру жұмыстарында шешуші рөл атқарады деп санайды. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Сириядағы Башар Асад режимі құлағаннан кейін Түркиядағы құрылыс компаниялары акцияларының бағасы күрт өсті", деп жазады Bloomberg сауда-саттық деректеріне сілтеме жасап.
Мұны Forbes деректері де растайды: цемент өндіруші Oyak cimento компаниясының акциялары 9,9%, сондай-ақ Cimsa және Limak Dogu Anadolu Cimento бағалы қағаздары 10%-ға өсті. Болат темір өндіруші Isdemir компаниясының бағалы қағаздарының ұсыныстары да 10%-ға өскен.
Turkcimento цемент өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Фатих Евжелик өз саласының Сириядағы жағдай тұрақтанғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарына ат салысады деп санайтынын жеткізді.
2022 жылдың аяғында Дүниежүзілік банк 2011 жылы соғыс басталғаннан бері Сирияның қалалары мен өнеркәсібіне келтірілген залал 11,4 миллиард доллар болады деп бағалады.
Айта кетсек, 8 желтоқсанда сириялық көтерілісшілер Асадты биліктен кетіріп, ел астанасы – Дамаскты басып алды және барлық тұтқындарды түрмелерден босатуды талап етті. Кейін Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Асад пен оның отбасына Ресей Федерациясы саяси баспана бергенін мәлімдеді. Ресейлік ақпарат агенттіктері Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Асад Мәскеуге жетіп алғанын жазды. Ресей СІМ Асад қарулы қақтығысқа қатысушылармен келіссөздерден кейін Сирия президенті қызметінен кетуге шешім қабылдады деп мәлімдеді.