Ардақ Назаров Талғардағы трагедияға байланысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 11 дек. 2024 12:09 2900

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Талғардағы трагедияға байланысты пікір білдіріп, жалған ақпарат таратушыларды жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың маңызына тоқталып, ақпараттың рас-өтірігін тексеруге шақырды.

“Қазір ең маңызды нәрсе – елдің ауызбіршілігі. Тәуелсіздігімізге үлкен еңбекпен қол жеткіздік. Ал енді оны арандату үшін небір құйтырқы әрекеттерге барып жатқандар көп. Сол себепті халықты дүрліктіретін жалған ақпараттың таралуына жол бермеуіміз керек. Мұндай ақпарат таратушылардың артында кім тұрғаны анықталып, заң бойынша жазалануы тиіс. Бұл өзгелерге сабақ болады”, – деді Ардақ Назаров.

Айта кетейік, Талғардағы жағдай күн сайын ушығып барады. 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күні кеше, яғни 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.

"Сот-медициналық сараптаманың алдын-ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Рекомендовать
Последние новости