Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Қаракөз Амантай 03 апр. 2026 09:47

Ақтөбеде "Harmony Rider Technology" (HRT) атауымен қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткен, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тергеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, 2024 жылы бір топ адам өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, оларды жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған. Шын мәнінде, салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен қалыптасқан.

Азаматтарды тарту үшін күдіктілер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырған. Заңды қызмет әсерін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген.

Салым көлемі 350-ден 20 мың АҚШ долларына дейін жетсе, уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін болған. Қаражатты заңдастыру үшін олар криптоәмияндарды пайдаланып, кейін оны айырбастап, банк шоттарына аударып отырған.

Заңсыз әрекет салдарынан қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 миллион теңгеден астам қаражат тартылған. Бұл қаражатқа ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.

Сот үкімімен ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove