АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресі: Екі тарап келіссөз жүргізбек

Қаракөз Амантай 08 мая 2025 10:09 340

АҚШ пен Қытай өкілдері осы аптада келіссөздер өткізіп, әлемнің екі алпауыты арасындағы сауда соғысын бәсеңдетуге тырыспақ. Бұл туралы BBC мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келіссөз Швейцарияда өтпек. Қытай тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн қатысады, ал АҚШ делегациясын Қаржы министрі Скотт Бессент пен АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир басқарады.

Бұл — биыл қаңтарда Қытай вице-президенті Хань Чжэн АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурациясына қатысқалы бері екі ел арасындағы алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу болмақ.

Скотт Бессенттің айтуынша, келіссөздің басты мақсаты — халықаралық экономикалық жүйеде тепе-теңдік орнатып, оны АҚШ мүддесіне сай ету.

"Бұл жолы ірі сауда келісіміне қол жеткіземіз деп ойламаймын. Бізге ең алдымен шиеленісті бәсеңдету қажет. Сонда ғана алға жылжи аламыз", — деді ол.

Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары Пекин бұл қадамды әлемдік үмітті, ел мүддесін және америкалық бизнес өкілдерінің өтініштерін ескере отырып қабылдағанын жазды.

"Егер АҚШ бұл мәселені келіссөз арқылы шешкісі келсе, онда өздері енгізген біржақты тарифтердің жағымсыз салдарымен бетпе-бет келуге дайын болулары керек. Бұл тек АҚШ-қа емес, бүкіл әлемге әсер етеді", — деді Қытайдың Сауда министрлігінің өкілі.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға 145%-ға дейін жаңа кедендік баж салығын енгізді. Пекин де қарап қалмай, АҚШ-тан келетін кейбір өнімдерге 125% мөлшерінде жауаптық тарифтер енгізді.

Сарапшылардың айтуынша, алда күтіп тұрған келіссөздер бірнеше айға созылуы мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости