АҚШ бюджеті қалай бөлінеді?

Dalanews 08 февр. 2016 09:23 929

9 ақпанда АҚШ президенті Барак Обама 2017 қаржылық жылға арналған бюджеттік ұсынысты жария етеді. Бұл – оның бюджетке қатысты Ақ үйдегі соңғы бұйрығының бірі. Бірақ, мемлекеттің әмиянындағы ақшаның қайда жұмсалатынын анықтайтын әсте Обама емес, республикашылардың бақылауындағы Конгресс. Сонда да, бізге Обаманың АҚШ бюджетін қалай жіліктегені және қай салаға бөлгені қызықты болып тұр.

Қатерлі ісікке қарсы ем

Вице-президент Джо Байден қатерлі ісікті жеңудің жолдарын іздестіруде. Ісіктің алдын алатын, тіпті асқынған кездің өзінде бетін қайтаратын дәрі-дәрмек жасауға қомақты қаржы бөлінуі керек. Обаманың бұл ұсынысын қос партия да қолдауы мүмкін.

Кедейлікке қарсы күрес

Обама табысы төмен бірақ, бала-шағасы жоқ жұмысшыларға салықтық жеңілдіктер жасамақ. Бұл идеяны бұдан бұрын республикашыл Пол Райан қолдаған болатын. Бұдан бөлек жазғы маусымға арналған азық-түлік карточкаларына 10 жыл мерзімге 12 млрд доллар бөлінеді. Бұл карточкалар мектептер жабылып қалатын жазғы маусымда тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін тамақ ішуге мүмкіндік береді. Бұдан біздің Үкімет үлгі алатындай екен, дейміз біз...

Обама кедей аудандарға арнап білім және баспана алуға жеңілдік беретін 328 млн долларды құрайтын арнайы  грант бөлмек. Сонымен қатар 15 млн доллар кедей отбасыларды жайлы аудандарға көшіруге мүмкіндік беретін пилоттық бағдарламаға бөлінеді.

 Компьютерлік сауат ашу

Обама штаттарға арнап 4 млрд және орта мектептердегі компьютерлік білім алу бағдарламасын дамытуға 100 миллион доллар сұрап отыр.

 Қылмыстық жазалау жүйесін реформалау

Ақ үй республикашылармен бірлесіп қылмыстық жазалау жүйесін реформалау бойынша жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Обаманың ұсынысы бойынша 24 млн доллар психикалық ауытқулары бар сотталушылардың  түрмедегі жағдайын жақсартуға бағытталуы қажет.

 Жүйкесі жұқарғандарды «жүгендеудің» жолы қандай?

Обама Конгресстен психиатрия саласындағы медициналық қызмет көрсетулердің аясын кеңейтуге 500 млн доллар сұрауда. Оның мұндай амалға баруы тегін емес. Себебі, жыл өткен сайын АҚШ-та адамға қарсы оқ атқан, қару қолданған жағдайдар жиілеп барады.

Мұндай оқиғаларды болдырмауға, олардың алдын алуға тиісті Алкогольдік және шылым өнімдері, суық қару және жарылыс заттарына қарсы бюросы бар.

Міне, Обама осы бюроның штаттағы қызметкерлер құрамын 200 адамға кеңейтуге қосымша қаржы сұрауда.

Зейнетақы қоры

Обама өз қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз етіп отырған шағын бизнес өкілдеріне салықтық жеңілдіктер ұсыну қажет деген пікірде. Бұған да қосымша қаржы бөлінуі тиіс.

Жұмыссыздық бойынша сақтандыру

Обама жұмыссыздық бойынша сақтандырудың аясын кеңейтпек. Айталық, бұдан бұлай айлығы аз қызметке ауысуға мәжбүр болған жұмысшыларға сақтандыру өтемақысы төленуі тиіс. Бұдан сырт кәсіптік білімін жетілдіргісі келетін қызметкерлерге сақтандыру сыйақысы төленуі қажет. Бұл да қаржыны қажет етеді. Мәселе бұл ұсынысты Конгресс қабылдай ма?

Мемлекеттік қызметкердің адалдығын анықтайтын Ұлттық бюро

Обама сонымен қатар федералды үкіметтің қол астында жұмыс істейтін қызметкерлердің адалдығына және олардың жеке мәліметтерінің қауіпсіз жерде сақталуына жауап беретін жаңа құзырлы органды құруға 95 млн доллар сұрауда.

Жүргізушінің қажеті жоқ немесе АҚШ «ақылды көліктерге» ауыса ма?

Ақ үй адамсыз, былайша айтқанда жүргізушісі жоқ, өздігінен жүретін автокөліктерді арнайы бөлінген автобан-дәліздерде сынақтан өткізетін 10 жылға арналған пилоттық бағдарламаға 4 млрд доллар сұрап отыр.

Көмір өндіретін аудандар

Федералды көмір шахталарын жалға алу бағдарламасы аясында Ақ үй: «бағдарлама аясындағы шығыстан бөлек, көмір өндіретін аймақтардың экономикасын дамытуға 1 млрд доллар қажет», – дейді.

 Қорғаныс шығындары

Обама қорғаныс саласының бюджетін 580 млрд долларға бағалаған екен. Негізінде, бұл дүние бұдан бұрын Конгресспен келісілген шешім болуы ғажап емес. Бір қызығы, аталған қаржы Пентагон белгілеген мөлшерден 15 млрд долларға кем. Сарапшылардың айтуынша, осының кесірінен қорғанысқа қатысты бірқатар бағдарламаларды қысқартуға тура келеді.

Дереккөз: «Рейтер» агенттігі

Рекомендовать
Последние новости