Ақорда Ресей агрессиясына қарсы. Тоқаев Путинге қарыздар емес – "Новая газета"

Dalanews 02 мар. 2022 07:55 1066

Бөгде елге басып кірген Путин Украинаны алты күн бойына бомбылауда деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ал ресейлік масс-медиа Мәскеу мен Ақорданың сыйластығына сызат түсті деп топшылайды.

Мәселен, «Новая газета» Қазақстан билігі Украинаға қатысты позициясын әлдеқашан айқындап алғанын айтады.

«Тоқаев Киевке әскер төккен Путинді қолдамайтынын шым-шымдап айта бастады. Қазақ билігі Кремль көсемінің әрекетінен тіксініп қалды», – деп жазады басылым.

26 ақпанда Алматыда екі бірдей митинг өткен. Бұлардың алғашқысы экология мәселесімен байланысты болса, кейінгісі тікелей Ресей агрессиясына арналды.

Ереуілдеткен 200-ге тарта адам Алматының қақ ортасындағы украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткішіне барып, гүл шоғын қойған. Сол арадан арыз-шағымын айтып, Путиннің астамшыл саясатына қарсылық білдірген.

Ресейлік басылымдар осы митингідегі полицейлердің әрекетіне назар аударыпты.

«Әдетте алаңға шыққан адамды сүйрелей жөнелетін полицейлер бұл жолы ешкімге соқтықпады, жағдайды сырттан бақылап тұрды. Қазақ билігі осы арқылы өз позициясын білдірді», – дейді «Новая газета».

...

Қазақстан Украинадағы ахуалға қатысты ұстанымын ашып айтпаса да, соғысқұмар Кремль көсемінің соңынан ілеспейтінін аңғартқан еді.

АҚШ-тың NBC арнасы Ақордадағы атын атамауды өтінген дереккөзге сілтеп, қазақ билігінің «ДНР»  мен «ЛНР-ді» мойындамайтынын, бұдан бөлек Украинаға әскер жөнелтуден үзілді-кесілді бас тартқанын хабарлаған.


Батыс басылымдарының мәлім еткеніндей, Астанаға арнайылап келген премьер Мишустин Тоқаевпен екеуара әңгімеде Қазақстан президентіне Кремль басшысының «бұйымтайын» жеткізген. Қазақ билігі одақтасының ұсынысын қабыл алмай, Мишустинді кері қайтарған.

«Тоқаев Ресей президентінің алдында өзін жайсыздау сезінеді. Ол осы комплекстен арылғысы келеді. Қаңтардағы дүрбелеңде оның орынтағы шатқаяқтай жаздады. Оған ОДКБ әскері қол ұшын созды. Бұл негізінен Ресей контингенті еді.

Ақорда Украинадан жырылып шыққан екі облысты мойындамаса, одақтасы бұртиып қалады. Мойындаған жағдайда қазақ билігін бұдан зорғы ауыртпалықтар күтіп тұр.

Осы күнге дейін ешкіммен бет жыртыспай, бейтарап позиция ұстанып келген Қазақстан екіұдай күйде. Отыз жыл бойы Батыс пен Ресейдің көңілін тауып, тепе-теңдік сақтаған Ақорда Кремльдің сөзін сөйлесе сойқан санкцияға ұшырарын сезіп отыр. Қазақстанның санкцияға қарсы иммунитеті жоқ.

Оның үстіне де сайлау науқаны да тақап тұр. Президент сайлауы 2024 жылға белгіленген, бірақ Қазақстанның тәжірибесінде бұл науқан ешқашан өз мерзімінде өтіп көрген жоқ. Тоқаевтың реформаларын тездетіп іске асыру үшін сайлаудың уақытынан бұрын өтуі де ғажап емес. Ресейдің сойылын соғу сайлауға түсетін кандидатты ұпайдан айырарын  ұмытпау қажет. Әсіресе, қазақтілді сегмент ресейшіл, путиншіл саясатқа жан-тәнімен қарсы», – дейді «Новая газета».

...

Ресейлік басылымдардың пайымдауынша сырт көзге сыр алдырмағанмен, қазақ билігі Кремльдің сұғанақ саясатын қолдамайды. Алматыдағы Ресей агрессиясына қарсы митингіде бірде-бір белсендінің құрықталмауы соның дәлелі.

Соңғы кездері Тоқаев та түнеукүнгі дүрбелеңді тоқтатуға атсалысқан тараптардың тізімін кеңейтуде. Қазақстан президенті Армения басшысы Пашинянға қоңырау соғып, аласапыран шақта қол ұшын созғаны үшін алғыс айтқан.

«ОДКБ? Қазақстанға әскер жіберуге Пашинянның пәрмені жетпес еді. Бұл тікелей Путиннің қарауындағы мәселе-тін.

Армения басшысына алғыс айтқан Ақорда осы арқылы «Тоқаев Путинге қарыздар...» деген гу-гу әңгімеге нүкте қойды. Қаңтар оқиғасының аптығын басуға жалғыз Ресей емес, өзге де одақтастар атсалысқанын еске салды.


«Қазақстан ешкімге берешек емес. Бізге Ресей ғана емес, күллі одақ елдері көмектесті. Міндетсімеңдер...» дегенді меңзеді», – дейді ресейлік басылымдар.

«Новая газетаның» жазғанындай «ДНР» мен «ЛНР-ды» мойындаудан бас тартқан Қазақстанның позициясы Ақорданың сыртқа саясатта дербес шешім қабылдайтынын дәлелдеп тұр.

Тоқаевтың ұстанымын тарқатып жеткізген Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің мәлімдемесі атышулы Маргарита Симонянның назарынан тыс қалмаған.

«Жасаған жақсылықтың парқына жетпесіне, бұларды несіне құтқардық» деп жазған болатын Кремль пропагандисі.

...

«Новая газетамен» пікірлескен Ақордаға жақын дереккөз қазақ билігінің соғысқұмар Путинді іштей қарғап-сілеп жүргенін айтқан. Бірқатар Кремль идеологтарының Қазақстанның солтүстігіне сұқтануы да одақтастар арасындағы сенім мен сыйластыққа сызат түсірген. Қазақ билігі Мәскеудің саясатына сезікпен қарайды. Ресей оккупанттары Украинаға басып кіргелі бұл күдік күшейе түскен.

Ресейдің басқыншылығын қазақ қоғамы да құптамайды. Қазақтілді аудитория Украинаға көмек көрсетудің амал-тәсілдерін іздестіруде. Қоғам белсендісі Арман Шораев Қазақстанда қалып қойған украин азаматтарын тегін жатын орынмен қамтамасыз ететінін мәлім еткен. Киевке гуманитарлық көмек көрсету мақсатында бас біріктірген белсенділер қазір жылу жинап жатыр.

«Қазақтілді аудитория Ресей агрессияның Украинамен шектелмесін сезеді. Киевтің Путинге қарсы күресі, шын мәнінде Қазақстанға да қатысты. Азаттық үшін арпалысып жатқан украин халқы қазақтарды да жұмылдырып жатыр.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Ресей саясатын қолмайтындарға қарсы ақпараттық науқан басталуы мүмкін», – деп ескертіпті «Новая газета».

...

Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеуде араағайын болуға дайын. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурыз "Нұр Отан" съезінде осылай деп мәлімдеген.

Тоқаев Ресейдің әрекетін басқыншылық деп атаудан бас тартқан.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері көрші елдердегі жағдайға алғаш рет пікірін айтқан Тоқаев:

"Минск келісімі қағаз жүзінде қалды. Оның соңы Украина аумағындағы әскери қимылға соқтырды. Геосаяси жағдай бұрын-соңды болмаған дәрежеде ушықты.

Өкінішке қарай, қазір бұл тенденцияның қайтымсыздығы туралы айту орынды. Сол себепті біз екі мемлекетті (Ресей мен Украина - ред.) келіссөз арқылы өзара тіл табысуға, келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы даудан нашар бейбітшілік артық. Бейбітшіліксіз даму жоқ. Қазақстан өз тарабынан көмектесуге, қажет болса араағайын болуға дайын" деген еді.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости