«Ақша жинау». Теміржолдағы кірме жолдар кімнің майшелпегі болған

Dalanews 02 мар. 2022 09:31 1158

Темір жолда жүк тасушылардан негізсіз ақы жинаған жекеменшік құрылымдарға тұсау салудың амалы қарастырылып жатыр. Биылғы 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездескен Президент кірме жолдарды ретке келтіру бойынша тапсырмалар берген болатын. Үкімет темір жолдарды былық жайлағанын ашық айта бастады, – деп хабарлайды Dalanews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, тармақ иеленушілер (ветвеладельцы) контрагенттердің жылжымалы құрамының темір жолмен жүргені, кірме жолдарды басып өткені үшін олардан еш негізсіз, жүйелі түрде төлем жинап келген.

Қазақстандағы кірме жолдардың жалпы саны – 3 443 құрайды. Оның басым көпшілігінен ақы жинау мүмкіндігі жеке адамдарға, жекеменшік компанияларға берілген.

Осыдан-ақ кәсіпкерлердің, жүк жөнелтушілердің қаналуы масштабын ұғынуға болады. Министрліктің түсіндіруінше, бұған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жоқтығынан жол берілген.

– НҚА-ның, сондай-ақ контрагенттің жылжымалы құрамының өтуі үшін пайдаланылатын нақты қашықтықты айқындап, бекіту тетігінің болмауы кесірінен вагондарды беру-жинау процесіне тартылған тұлғалардың, компаниялардың бәрі бірдей «Вагондарды беру-жинау жөніндегі шарттың» тікелей қатысушысы болып табылмайды, – деп назар аудартты ведомство.  Қарапайым тілмен айтсақ, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған. Мұның соңы неге соқтырды?


Осы проблемаға қатысты кәсіпкерлер бұрыннан шағымданып жүрген. Президент айтпаса, іс ілгері жылжымауы мүмкін еді. Қақсай-қақсай жақ талады деген, көптеген бизнес өкілі сөзі өтпеген соң бәріне қол сілтеп, жолдағы делдалдардың сұрағанын сөзсіз беруге, үнсіз көнуге көшкен.

Тек табандылары ғана түртпектеуін қоймаған. Мысалы, тек 2021 жылдың өзінде Үкіметке жеке және заңды тұлғалардан осы мәселеге қатысты шамамен 30-дан аса арыз-шағым түсіпті. Көпшілік үнсіз көнген соң темір жол тармағын иеленушілер алымын арттыра бергені байқалады.

– Бүгінгі таңда еліміздегі кірме жолдардың саны – 3 443. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы меншігіндегі кірме жолдар саны небары 554 ғана. Жеке және заңды тұлғаларға тиесілі кірме жолдардың саны 2 777 жол. Тек осы саладағы баламалы жолы жоқ жерлердегі табиғи монополиялар саны 340-қа жеткен. Бұл ретте ұлттық теміржол оператордың кірме жолдар қызметтеріне алатын ақысы орта есеппен әр вагон-шақырым (car-kilometer) үшін 150 теңгені құрайды. Ал дәл осы қызмет үшін жеке және заңды тұлғалардың тарифтері орташа есеппен бұдан 15-20 есеге қымбат (вагон-шақырым үшін 2 000-2 500 теңгеден), – деген түсініктеме берді ИИДМ.

Меморган анықтағандай, тармақ иеленушілер тарифті ойдан құрастыра салатынға ұқсайды.

Мысалы, жол қожайынының иелігіндегі жолының жалпы ұзындығы 1 000 метр делік. Ол 1 шақырым үшін 2 000 теңге деген тариф бекіткен. Алайда контрагент басып өткен тармақ жолының нақты ұзындығы 200 метр ғана болған.


Яғни 1 шақырымның бестен бір бөлігін ғана қолданады. Тиісінше, тармақ иеленушінің алымы 1 вагон үшін 400 теңге болуға тиіс еді. Жоқ, одан бәрібір 2 мың теңгеден талап етеді.

Сондықтан әділдік іздеп, мұң шаққан кәсіпкерлердің сөзіне құлақ асқан Мемлекет басшысы Үкіметке кірме жолдарға талдау жүргізу туралы тапсырма берді, соның қорытындысы бойынша министрліктің қағидаларына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Енді не өзгермек?

Осыған орай ИИДМ өзінің 2019 жылғы 2 тамыздағы «Теміржол көлігімен жүк тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» №612 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және 2015 жылғы 30 сәуірдегі «Теміржол көлігін техникалық пайдалану қағидаларын бекіту туралы» №544 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа бұйрықтар жобаларын әзірледі.

Құжаттар қабылданса, кірме жолдарда тек нақты жүріп өткен қашықтық үшін ғана ақы алу тәжірибесі енгізіледі. Сонымен қатар жүк тасушыларды қажытқан «кірме жолдарда жоспардан тыс жөндеу жүргізу» проблемасы реттелмек: ол туралы алдын ала мемлекеттік көліктік бақылау өкілдерін хабардар етуге міндеттеледі, әрі жөндеу уақыты шектеледі.

Министрліктің байламынша, бұл шара жүк жөнелтушілердің көліктік шығыстарын азайтады, сондай-ақ тұтынушылар үшін тауарлардың түпкі құнының арзандауына оң әсер етеді. «Бұл жаңашылдықтардың мақсаты – біріншіден, барлық қатысушыларды Вагондарды беру-алу шартына қосу. Екіншіден, кірме жолдарда нормадан тыс жүруді болдырмау. Үшіншіден, тармақ иеленушіге контрагенттер төлейтін төлемді және оның қызметінің құнын азайту. Төртіншіден, шағымдардың санын азайту» деп санамалады министрліктегілер.

Бірден айта кетелік, бұл бұйрықтардың қабылдануына қатысушылар, жылдар бойы осы арқылы негізсіз байып келген монополия субъектілері қуатты қарсылық көрсетуде.

Олар бұйрықтарды өз сын-ескертпелеріне қарай қайта пысықтауды талап етуде. Министрліктің Қ. Тоқаев тапсырмасын орындауда қаншалықты табанды болары белгісіз.

Мамандардың айтуынша, жүктердің әр жолдың қандай бөлігін кесіп өткенін нақтылау қиын емес. Себебі темір жолдардың нөмірлері бар, жылжымалы құрамның жүріс маршрутін бағыттағыш бұрмаларынан (стрелочный перевод) да білуге болады.

Бұйрықтар осы күйде қабылданса, тармақ иеленушілер табысы 50%-ға азаюы мүмкін. Нақты сан айтылмады, бірақ бұл ондаған миллиард теңге деген сөз. Үкімет не дейді? Министрлер кабинетінде осы іске бірінші вице-премьер Роман Скляр жауапты болып белгіленді, оның жетекшілігімен саладағы қызметтер тарифтеріне талдау жүргізіліп, оларды төмендету шаралары қабылданған.

Мәселен, биылғы 1 ақпаннан бастап бірқатар өңірде – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында кірме жолдарды ұсынумен айналысатын 21 субъектінің тарифтері орта есеппен 80%-ға арзандатылды.

Сондай-ақ Павлодар облысында кірме жолдар қызметтерін ұсынатын «ARMAN KALA LTD» ЖШС тарифтері 93%-ға – бұрынғы 1 741,53 теңге/вагон*км-ден 118,07 теңгеге дейін күрт азайтылды. Осыдан Қазақстанның энергия өндіруші станциялары мен жылу-электр орталықтары үшін көмірдің негізгі жеткізушісі болып табылатын «Богатырь Көмір» ЖШС ұтты.


Сонымен қатар объективті баға белгілеу мақсатында еліміздің негізгі темір жол объектілерінде орналасқан кірме жолдардың ірі баланс ұстаушысы – «Көлік сервисі орталығы» АҚ-ның тарифтері 92%-ға – әр вагонға 2 117,98 теңгеден 164,29 теңгеге дейін төмендетілді.

Бұл тарифтер алдағы айдан, 2022 жылғы 1 наурыздан қолданысқа енгізіледі. Аталған шаралардың мультипликативті тиімділігі бар: көлік шығыстарын азайтады, тауарлардың, оның ішінде азық-түлік өнімдерінің түпкілікті құнын арзандатуға ықпал етпек. Үкімет осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын табады деп отыр.

Жанат Ардақ

Рекомендовать
Последние новости