Апатқа ұшыраған "Bek Air" ұшағына қатысты тергеу аяқталды

Сағыныш Сардарова 03 апр. 2024 15:04 2389

"Bek Air" ұшағы апатқа ұшыраған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көліктегі Полиция департаменті мәліметінше, Алматы әуежайында 2019 жылы 27 желтоқсанда "Fokker-100" "Bek Ai" ұшағы апатқа ұшыраған қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталған.

4 мыңнан аса тергеу әрекеттері (2000 тексеру, 1350 жауап алу, 250 алу), 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеулер жүргізілген.

Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде прокуратура Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Бельгия, Германия, Люксембург, Нидерланды және т.б. шет мемлекеттерден халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге іс үшін маңызы бар қажет құқықтық-техникалық ақпарат алынған.

Қазіргі уақытта процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарымен танысып жатыр.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы апатқа ұшыраған еді.

Ұшақта 98 адам (бесеуі – экипаж мүшесі) болған. Апат салдарынан 12 адам қайтыс болды, 69 адам жарақат алды.

Қазақстан билігі 2020 жылғы қаңтарда Bek Air әуе компаниясының эксплуатант сертификаты мен ұшуға жарамдылығы туралы сертификаттарының күшін тоқтатты. Әуе компаниясы өкілдері әуежай маңына салынған құрылыс болмағанда, адам шығыны болмас еді деп мәлімдеді.

2020 жылы Алматы облысының жемқорлыққа қарсы қызметі ұшақ апатына байланысты қылмыстық іспен қоса Талғар ауданы әкімдігі шенеуніктерінің үстінен жер телімдерін заңсыз беру және олардың пайдалану мақсатын заңсыз өзгерту деректері бойынша екінші қылмыстық іс қозғады.

Былтыр сот Алматы қаласы әуежайы маңындағы жерді пайдалануға заңсыз берген деген айып тағылған бұрынғы бес шенеунік пен риэлторды кінәлі деп танып, үкім шығарған болатын. Үш адамның бостандығы үш жылға шектеліп, қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылған еді.

Айта кетейік, Қазақстанда кейінгі 10 жылда адамдардың өмірін қиып кеткен бірнеше ұшақ апаты болды.


Рекомендовать
Последние новости