«AMANAT» партиясында қоғамдық кеңестердің жаңа басшылары таныстырылды

Dalanews 30 мар. 2022 16:33 1138

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық қоғамдық кеңестер сайлауалды уәделердің орындалу барысына сапалы және жүйелі мониторинг жүргізумен айналысады. Олардың жиындарын әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсету жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Еске сала кетейік, кезектен тыс ХХІІ съезде «AMANAT» Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жанындағы қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру міндетін қойған еді.

– Қоғамдық кеңестердің бір-бірінің жұмысын қайталауына жол бермеу және жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында, партия Төрағасының келісімімен және Саяси кеңес Бюросының шешімімен олардың саны 14-тен 9-ға дейін қысқартылып, басшылары бекітілді, – деді Атқарушы хатшы Асхат Оралов кеңестердің жаңа төрағаларымен кездесу барысында.

Сонымен, Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті Ерлан Саиров;

Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңесті – Аманжан Жамалов;

Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесті – Динара Зәкиева;

Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесті – Саясат Нұрбек;

Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесін – Аманжол Әлтай;

Экологиялық кеңесті – Еділ Жаңбыршин;

Өңірлік даму жөніндегі кеңесті – Әмірхан Рахымжанов;

Жастарды қолдау жөніндегі кеңесті Елнұр Бейсенбаев басқаратын болды.

Ал Партиялық бақылау комитетіне бұрынғысынша Артур Платонов төрағалық етеді.

Кездесу барысында Атқарушы хатшы кеңестер жұмысының жаңа форматын таныстырды. Атап айтқанда, жыл соңында Сайлауалды бағдарламаның нақты индикаторларының орындалмауына қатысты тәуекелдер анықталған жағдайда, мемлекеттік органдардың жауапты басшылары кеңестер отырысында есеп береді.

Сонымен қатар, кеңестер партия Төрағасының тапсырмаларын жемісті жүзеге асыру үшін белсенділер мен сарапшылардың басын қосады.

– Біздің кеңестеріміз партияластардың сеніміне ие белсенді де беделді тұлғаларды тартып, оларды ілгерілету тетігіне айналуға тиіс. XXII Съезде партия Төрағасы, «праймериз барысында партияға белсенді адамдар келіп, партияішілік бәсекелестік пайда болды. Бұл құптарлық жағдай» деген болатын. Сондықтан кеңестердің жұмысына елдің дамуына өз үлесін қосқысы келетін кәсіби мамандарды тарту қажет, – деп атап өтті Асхат Оралов.

Өңірлік даму кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахымжанов алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

–  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына шамамен 450 млрд теңге бөлінді. Осы ақшаның тиімді жұмсалуын бақылау – біздің кеңестің негізгі міндеттерінің бірі. Партияның сайлауалды уәделерін нақты іске асыру осыған байланысты, – деді ол.

Өз кезегінде, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов, «бүгінгі таңда елімізде және әлемде орын алып жатқан оқиғалар Президент қойған міндеттерді барынша жедел орындаудың маңыздылығын көрсетеді. Еліміздің болашағы, аумақтық тұтастығы, Тәуелсіздігі және халықтың әл-ауқаты осыған байланысты» дегенді айтты.

Экологиялық кеңестің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, аманаттықтарға өңір тұрғындарымен көбірек кездесулер өткізу керек.

– Халықпен кездесуде көтерілетін мәселелердің 80%-ы сол жергілікті жерлерде шешілуі тиіс. Тек 20-25% ғана заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты немесе орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне кіреді. Қалған мәселелер аудан, облыс деңгейінде шешілуі керек, – деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық кеңестер 80-нен астам отырыс өткізді. Олардың барысында 160-тан астам мәселе қаралып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар жолданды.

Рекомендовать
Последние новости