Үзілген Бәйшешек

Dalanews 15 июн. 2022 07:21 1641

Бүгін Жамал апай табиғат туралы, оның адамзат үшін маңызы жөнінде әңгімелеген. Гүлім сабақтан келе салысымен, асханадан пышақ пен шыны ыдысқа алып, үй сыртындағы қыратқа шығып кетті.

Біраздан кейiн гүл-гүл жайнап, қайтып оралды. Қолындағы шыны ыдысқа қырдың ақ гүлдерін толтырып жинап алыпты. Оларды бақша ішіндегі гүл егетін алаңға апарып отырғыза бастады. Осы кезде үйден анасы шықты. Қызын бақша ішінен көрді де, жанына келді

– Қарашы, апа! Мына әдемі бәйшешектерді адырдан қазып алдым. Бiздiң Жамал апай айтты: «Табиғатты қорғау керек» деп...

– Сен оларды корғаудың орнына, өсiп тұрған жерiнен үзiп әкелгенің қалай?

– Иә, мiне қарасай, тамырлары бар. Қайтадан отырғызып жатырмын. Мен бұларға күнде су құйып күтетін болам. Әйтпесе, далада оларға ешкiм қарамайды жазға жетпей қурап қалатыны содан...

Шешесі мырс етiп кулiп жiбердi де, іле салмақты күйге түсіп:

– Сен дұрыс жасамадың, Гулім. Табиғатта не нәрсенің болса да өз орны, заңдылығы бар. Бұл бәйшешектер – көктемнiң хабаршысы. Ерте гүлдейтiні де содан. Бұлар қурағанымен, орнын басқа гүлдер басады. Сонысымен да адамға қымбат. Мына гүлдер қай жерде гүлдесе, сол жерде ұрық шашып, ендiгi жылы тағы өнiп шығар еді. Ал сен, оларды бiлместікпен зорлап әкелдiң. Жамал апайыңнан табиғатты қалай қорғау жайында сұрап алғаның дұрыс болары еді.

Гүлімнің беті нарттай болып қызарып, төмен қарады. Шешесі қызының шашынан сипап:

– Бұларды енді осы орнынан қозғамай-ақ қой. Екiншi рет қателік жасамауға тырыс. Жүр үйге, тамақ суып қалады, – деді.

Гүлім ілбіп басып, шешесiнiң сонына ердi. Сөйтсе де оның санасында –табиғатты қалай қорғаймыз деген сауал жаңғырықтай тағы қайталанды. Осыны келесi сабақта апайынан сұрап алуға бекiндi.

Рекомендовать
Последние новости