«AMANAT» фракциясының депутаттары өңірлерде 1200-ден астам кездесу өткізген

Dalanews 21 апр. 2022 16:32 954

Парламенттің заң шығару қызметін түсіндіру бойынша өңірлердегі көшпелі жұмыс аясында депутаттар – «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері 766 елді мекенде болып, 1 200-ден астам кездесу өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы «AMANAT» партиясының жаңа баспасөз орталығында өткен баспасөз маслихатында халық қалаулылары Альберт Рау, Жұлдыз Сүлейменова, Екатерина Смышляева және Берік Оспанов айтты.

Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІ Съезінде депутаттардың азаматтармен тікелей кездесуінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Сайлаушылармен тікелей диалог құру, тұрақты түрде азаматтармен кездесу аса маңызды, осы орайда шалғайдағы ауылдарға бару керек. Депутаттық сауалдар формализмнен аулақ болып, олардың мазмұны нақты мәселені қамтып, тұрғындар проблемасын көрсетуі керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Түсіндіру жұмыстарынан басқа, депутаттар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп азаматтарды жеке қабылдады. Барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 321-і бірден оң шешімін тапты.

Жалпы, кездесу қорытындысы бойынша 1 209 түйінді мәселе анықталды. Азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің көпшілігі әлеуметтік салаға, атап айтқанда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты болды.

Сондай-ақ, азаматтар ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті қолдау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін де көтерген.

– Мысалы, шалғай ауылдардың тұрғындары «Медициналық пойыз» жобасын қайтару туралы өтініштерін білдірді. Алдын ала немесе күрделі тексеруден өту үшін ауыл тұрғындары аудан орталығына баруы қажет. Алыс қашықтыққа,  жолдардың сапасы мен азаматтардың мүмкіндіктеріне байланысты әркім аудан орталығына бара алмайды. Депутаттар бұл бағытта үкіметпен бірлесіп жұмыс атқарды. Енді 2022 жылдың мамыр айында медициналық пойыз іске қосылады, – деді Екатерина Смышляева.

– Бізге оқулықтардың авторлары, мектеп ұжымдары мен ата-аналар мектептердегі оқу әдебиетінің сапасына қатысты өтініш жасады. Таңдау мүмкіндігі туралы айтылғанымен, бірақ заңнамалық тетік болмады. Депутаттар тиісті заңға түзетулер енгізді, ол қазір Сенаттың қарауында, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.


Сондай-ақ ауыл тұрғындары депутаттарға ауыз су мәселесіне қатысты да сұрақтар қойды. «Әрбір ауылға барып, талдау жүргіздік. Фракция депутаттарының ұсыныстарына сәйкес, сумен жабдықтау нысандарының тізбесіне министрлік 82 жаңа жобаны қосты» деді Альберт Рау.

Барлық сұрақтар арнайы талдау хатқа жинақталып, Үкіметке жіберілді. 6 сәуірдегі жалпы отырыс барысында вице-премьер Ералы Тоғжанов проблемалардың бір бөлігін қарау қорытындылары бойынша есеп берді. Жалпы отырыс барысында қаралмаған барлық мәселелер бойынша Үкіметпен жұмыс жалғасуда.

Рекомендовать
Последние новости