Алматының жаңа бюджетінде мектептер мен балабақшаларды жаңғыртуға және жаңартуға қаражат бөлінеді

Жарбол Кентұлы 05 дек. 2024 17:09 801

Алматы қаласында келесі жылы мектептерді сейсмикалық күшейту арқылы жаңарту және жаңғырту жұмыстары жалғасады. 2025-2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы Мәслихат сессиясында қаралады. Бұл туралы қалалық Мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Үш жылдық бюджет жобасына сәйкес, 216 мектепті, 12 интернат мекемесін, 20 колледжді қамтитын 344 мың оқушының білім алуына жағдай жасау үшін шамамен 250 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.

Мектептерді сейсмикалық күшейту арқылы жаңғырту мен жаңарту – қалалық әкімдіктің басты басымдығының бірі. Жаңа үш жылдық бюджет қабылданғаннан кейін мегаполисте оқу орындарын жоғары сапа стандарттарына сай жаңғырту жұмыстары жалғасады.

Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы үш мектептің сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталып, №50 мектеп-лицейі мен Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы жеті балабақшада күшейту жұмыстары басталады. Бұған қоса, келесі жылы Зерделі және Шұғыла шағын аудандарында екі мектептің құрылысы аяқталып, 12 мектеп жаңартудан өтеді. Алматыда 2023-2024 жылдары 11 мектептің күрделі жөндеуі сейсмикалық күшейту арқылы аяқталды.

Сондай-ақ, келесі жылы мегаполисте ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24,2 мың оқушы орнын қамтамасыз ететін 14 мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылына қарай оқушы орындарының тапшылығы «тиісті» деңгейге – 3-4 мың орынға дейін азаяды.

Қабылданған шаралардың арқасында Алматыда мектептер біртіндеп бір ауысымды оқу жүйесіне көшуде. Келесі оқу жылына қарай 200-ден астам мемлекеттік мектептің 43-і бір ауысымды оқу форматына көшеді (көрсеткіш 12,5%-дан 18,4%-ға дейін өседі).

Қалалық мектептердің инфрақұрылымын жаңғырту мен дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Биыл 89 мектепке жаңа үлгідегі 168 кабинет сатып алынды. Бұл мектептердің қазіргі заманғы пәндік кабинеттермен жабдықталу деңгейін 86,3%-ға жеткізді.

2025 жылы Орбита-3, Алтын-Бесік, Құрамыс, Шұғыла және №10 шағын аудандарында 5 балабақшаның құрылысын жалғастыру мен жаңартуға қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 97% мектепке дейінгі біліммен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынады.

Сонымен бірге, келесі жылы Қарағайлы, Дархан және Нұркент шағын аудандарында 3 балабақша салу жоспарлануда. Осы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 2 280 бала балабақшаға баруға мүмкіндік алады, бұл шаһарда білім беру мен ерте дамудың сапасын айтарлықтай арттырады.

 


Рекомендовать
Последние новости