Алматыдағы А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Жұмысшы мамандығы – менің таңдауым» атты танымдық кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастарға жұмысшы мамандықтарының қазіргі қоғамдағы рөлі, олардың артықшылықтары мен қаланың дамуына қосатын үлесі жайлы айту,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Кездесу кітапхананың оқу залында өтті. Жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар қатысты. Оларды біріктіретін ортақ нәрсе – бәрі де жұмысшы мамандығының иелері. Атап айтқанда, кездесуге «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Түрксіб аудандық бөлімінің слесары Донесбай Аханаев, №9 троллейбустың жүргізушісі Макпал Қожамсейітова, №12 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғаныс сержанты Дәурен Шерікбай және Республикалық ғылыми кардиологиялық орталықтың санитаркасы Айнагүл Сисенова қатысты.
– Бүгінгі қонақтарымыз – су құбыры мен кәріз жүйелерінің қызметін қамтамасыз етіп, жолаушыларды қауіпсіз тасымалдап, өрт сөндіріп, төтенше жағдайлардың салдарын жойып, науқастарды күтіп-баптайтын жандар. Олар өз ісін сүйіп, балаларына да еңбексүйгіш болуды үйретіп келеді, – деді кітапхана меңгерушісі Айнұр Балаубаева.
Кездесу барысында сөз сөйлеген «Алматы Су» мекемесінің слесары Донесбай Аханаев жұмысшы мамандығына саналы түрде келгенін айтты.
– Бұл мамандықты өз еркіммен таңдадым. Басқа салада өзімді елестете алмаймын. Алматы сияқты ірі мегаполисте бұл мамандықтың маңызы зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені жұмысшы мамандықтарының беделі артып келеді. Әр мамандық – маңызды және қажет, – деді ол.
Шара аясында әнші Бейбітгүл Нұрымғожина мен Жұбаныш Жексенұлы дайындаған концерттік бағдарлама кештің шырайын аша түсті. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсті.