Алматы қаласы Бостандық ауданының Ерменсай ықшамауданында орналасқан "Жаңару" тұтыну кооперативіндегі заңсыз салынған көпқабатты таунхаус сот шешімімен бұзылды. Бұл туралы депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жер учаскесі бастапқыда шаруа қожалығын жүргізу және бау-бақша өсіру мақсатында берілген. Алайда меншік иесі бұл талапты елемей, екі қабатты тұрғын үй салып, заңнаманы бұзған. Соттың шешіміне сәйкес, нысан заңсыз деп танылып, мәжбүрлі түрде сүрілді.
Сүру жұмыстары кезінде меншік иесі өзін-өзі өртемек болып, мемлекеттік сот орындаушысын итеріп, арандатушылық әрекеттерге барған.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, Алматы қалалық мемлекеттік архитектура-құрылыс бақылау басқармасымен (ГАСК) бірлесіп, таулы аймақтағы заңсыз салынған тұрғын үйлерді сүру жұмыстары жалғасады.
"Жерге құқықсыз, рұқсатсыз және құрылыс құжаттарынсыз салынған нысандар заң аясында жауапкершілікке тартылады", – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек тағы бір заңсыздықты әшкерелеген еді.
"Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау белдеулерінде орналасқан 82 жер учаскесі жеке және заңды тұлғалардың меншігіне рәсімделіп кеткен! Ал мұндай жерлерді жекешелендіруге заңмен тыйым салынған! Жер кодексі мен Су кодексі бойынша су қорғау аймақтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) айналымға шығарылмауы тиіс. Бірақ бұл учаскелер жеке меншік ретінде тіркелгені анықталды", - деді ол.
"Су жағалауы бетон дуалдармен қоршалған. Бұл – азаматтардың су ресурстарына еркін қол жеткізу құқығын өрескел бұзу! Мен, Мәжіліс депутаты, жер саласының сарапшысы ретінде, бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймын. Жерлер мемлекетке қайтарылуға тиіс! Заңсыз берілген учаскелерді кімнің иемденіп алғаны анықталады. Артында лауазымды, ықпалды тұлғалар тұрса да, заң бәріне ортақ!" - деді депутат.