Алматы полициясы қоғамдық орындарда бет-жүзді тұмшалауға қатысты мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 02 авг. 2025 18:00

Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Шумаев қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін толықтай жауып тұратын киім түрлерін киюге тыйым салынғанын мәлімдеді. Мұндай шешімнің негізгі мақсаты – азаматтарды визуалды түрде жедел әрі нақты анықтау мүмкіндігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл шектеулер бет-жүзді толық жауып тұратын балаклава, никаб, арнайы маска тәрізді киім түрлеріне қатысты. Алайда заңнамада бұл ережеге нақты негізделген бірқатар ерекшелік те қарастырылған.

"Қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толығымен көрсетпейтін киімдерді киюге тыйым салынған. Бұл шектеу тек балаклава, маска немесе никаб секілді бет-жүзді толық жасыратын киім элементтеріне ғана қатысты. Дегенмен денсаулығына байланысты немесе ауа райы қолайсыз кезде, қызметтік міндеттерін орындау барысында, сондай-ақ, заңды түрде өткізілетін жаппай іс-шараларға қатысу кезінде бұл ережеге рұқсат етілген", – деді Серік Шумаев.

Полиция департаменті бұл шектеулер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде діни сенім еркіндігін толық сақтай отырып жүзеге асырылатынын атап өтті.

Еске салайық, биыл маусымда Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін жауып жүруге ресми түрде тыйым салынған болатын. Бұл норма Мемлекет басшысы қол қойған құқық қорғау қызметін жетілдіруге қатысты заңда көрсетілген.


Рекомендовать
Последние новости