Алматыда халықтың мәдени нысандарға қолжетімділігі арта түскен

Dalanews 02 сент. 2021 09:22 1144

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мәдениеттің дамуына баса назар аударды. Алматыда мәдени инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі міндеттер қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы мегаполистің мәдениет басқармасының бастығы Ғани Майлыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басқарма басшысы Мемлекет басшысының сөзінде мәдениет саласының алдына ауқымды міндеттер қойылғанын, әсіресе оның талантты өкілдерін, елдің дамуындағы зиялы қауымның рөліне ерекше мән берілгенін тілге тиек етті.

Спикер Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен «Алматы – 2050» Стратегиясы аясында мәдениет саласында тұрғындарды қаланың мәдени өміріне тарту, мәдени құндылықтарға қолжетімділікті арттыру міндеті белгіленгенін атап өтті.

– Алға қойылған міндетті шешу үшін біз келесі бастамаларды жүзеге асырудамыз. Біріншіден – қаланың мәдени объектілерін барша тұрғындар мен халық үшін барынша қолжетімді ету. Екіншіден – дәстүрлі халық мәдениетін қолдау. Үшіншіден – мәдени өнімдерді әлемдік нарыққа шығару, – деп хабарлады Ғани. Майлыбаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында келер жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін, сондай-ақ білім мен денсаулық сақтау саласында қолданыста болған әлеуметтік жеңілдіктер берілетінін айтты.

Алматы қаласы ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне мүше болуының арқасында «Музыка» шығармашылық бағыты бойынша бүкіл әлемге танымал. Жыл сайын қалада «ореn-air» форматында 100-ге жуық ірі мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Тіпті пандемиялық режимде бұл сала дамуын жалғастыруда.  Алматының мәдени инфрақұрылымында 160 мәдени объектілер мен ұйымдар ойдағыдай жұмыс жасауда.

Ғани Майлыбаевтың айтуынша, қаланың 16 кітапханасы модернизацияланды. Форматтың жаңаруынан кейін келушілер саны 60%-дан асқан. Кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін 758 000 адам келсе, бүгінде келушілердің саны 1 260 000 адамды құрайды.

Жаңа кітапханалар сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, жұмыс режимін де өзгертті. Енді олар аптаның жеті күні күн сайын 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Модернизациядан кейін әр кітапханада орындар саны артты, жеке жұмысқа, қарым-қатынасқа, іс-шараларға және интернет-бөлмелерге арналған түрлі бұрыштар құрылды.

Ғани Майлыбаев кітапханаларға жаңа тыныс берілгенін, мұнда тегін шығармашылық үйірмелер өткізілетінін, әдеби сурет залдары мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылғанын айтады. Модернизациядан кейін 90-нан астам үйірме құрылды, оған 9 400-ден астам адам қатысады.

«Биыл Бостандық және Медеу аудандарының тағы 2 қалалық кітапханалары модернизацияланады» деді Ғ. Майлыбаев.

Алматыда жаңа кеңістікте балаларға арналған 25 тегін шығармашылық үйірме, коворкинг-кеңістік пен шеберлік сабақтарына арналған алаңдар тұрғындарға қызмет көрсетеді. Келушілердің саны жыл басынан бері 100 000 адамнан асып кетті.

–  «Алматы-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясындағы басым бағыттардың бірі – шығармашылық индустрияны дамыту. Сондықтан мұнда Мұрат Мұтұрғановтың «Сен жұлдызсың» цирк өнері мектебі, Диана Шарапованың вокал мектебінің музыка курстары, «Art Bit» мультимедиялық өнер орталығы – өнердегі жаңа технологияларға бағытталған оқу-көрме орталығы тегін жұмыс жасайды. Хаб қазіргі заманғы өнер түрлерінен басқа, халықтық дәстүрлерді шығармашылықпен зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай үйірмелердің бірі – Etnokonstruktor – халықтық дәстүр рухындағы ойын, – деді Ғ. Майлыбаев.

Мәдениет басқармасы басшысының пікірінше, «ALATAU CREATIVE HUB» мәдени, интеллектуалдық және дарынды дамытудың шынайы ошағына айналды.

Спикер стратегия аясында қаладағы Мәуленов көшесі, 46 мекенжайда жаңа кітапхана, сондай-ақ Назарбаев даңғылы, 122 мекенжайда «MEDEU CREATIVE HUB» музыкалық өнерге баулитын жастар орталықтарының ашылатынын айтты. Мұнда жыл сайын 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.

Рекомендовать
Последние новости