Алматы қаласында отбасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Оның ішінде “Зорлық-зомбылықсыз отбасы” және “Тұрғын үй” акциялары ерекше маңызға ие болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және әлеуметтік тұрғыда қиын жағдайдағы азаматтарға дер кезінде көмек көрсету.
Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тиімді құрал болып саналады.
«Біз қауіп-қатер тобындағы отбасылармен мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Полиция қызметкерлері мен аудан әкімдігі бірлесіп, әлеуметтік жағдайы төмен, балаларымен жалдамалы пәтерде тұратын азаматтарды аралап, оларға қажетті азық-түлік жиынтықтарын жеткізді», – деді ол.
Сонымен қатар, учаскелік инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қызметкерлері тұрмыстық жанжалдың алдын алу бойынша түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын күшейтті.
Ал “Тұрғын үй” жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын тексеріп, қорғау ұйғарымдары мен ерекше талаптардың сақталуын бақылауға алды.
Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов атап өткендей:
«Біздің басты міндетіміз – қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты көмек көрсету».
Тексеру барысында алкогольді шамадан тыс пайдаланған және қорғау ұйғарымын бұзған тұлғалармен профилактикалық әңгіме өткізілді. Бір азамат ерекше талаптарды сақтамағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция департаменті алматылықтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері туралы үнсіз қалмай, тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Алдын алу шаралары қала аумағында тұрақты түрде жалғасады.