Алматыда шығатын жылыту құрылғысы Еуропа елдерінің қызығушылығын тудырды

Dalanews 09 июл. 2021 13:27 1055

Алматыда инновациялық электр жылыту құрылғыларын «Алатау» АТП еркін экономикалық аймағындағы стартап-компания шығарады. Олардың ерекшелігі – бөлмені жылыту процесі инфрақызыл сәулеленудің бөлінуіне байланысты жүреді. Сәулеленудің бұл түрі ұзын толқындар санатына жатады, яғни, адам мен өзге тірі ағзалар үшін мүлде қауіпсіз. Желдеткіштер мен қозғалмалы бөліктердің болмауына байланысты жылытқыш дыбыссыз жұмыс істейді. Бұл жағдайда ауа құрғақ болмайды әрі әдеттегі майлы жылытқышты қолданғандай иіс болмайды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Біз өзіміздің құрылғалармен қатар майлы жылытқышпен бәсекелес брендтің құрылғыларын тексеру үшін тесттер жүргіздік. Үш бірдей 10 шаршы метр бөлме болмеде үш түрлі құрылғыны қойдық, кейде есіктер мен терезелер ашылды. Бастапқыда бөлмедегі температура 17 градус болды, 10 сағат жұмыс істегеннен кейін біздің жылытқыш бөлмені 26 градусқа, майлы  жылытқыш 27-ге, бәсекелес компанияның құрылғысы – 24-ке дейін қыздырды. Бірақ майлы жылытқыш сағатына 2 киловатт энергия жұмсады, ал біздің 600 Ватт, яғни жылытқыштар шамамен 3,5 есе үнемді. Сонымен қатар, Батыс елдерінің тұрғындары аса қатты бағалайтын әдемі, эстетикалық дизайнмен жасалған, – дейді Premium Heater ЖШС-нің коммерциялық директоры Сауран Ахметжанов.

Сауран Ахметжанов мұның барлығы қарапайым қызығушылықтан басталғанын айтады. Компанияның негізін қалаушылардың бірі, осы жүйені ойлап тапқан химик ғалым эксперименттер жүргізуді, қоспалардың қасиеттерін зерттеуді ұнататын.

Кездейсоқ жағдайда зерттеу барысында ол өте үлкен жылу бере алатын қоспаны алды. Осылайша, сынақ өндірісін құру идеясы пайда болды, құрылтайшылар оны 2019 жылы Варшавада ашты.

– Мен сол кезде Польшада оқыдым. Бұл тақырып өте өзекті, өйткені Еуропада, әсіресе батыста, орталық жылыту жүйесіне қосылу қымбат әрі жарық та арзан емес. Олардың үйлеріне қыста мүлде жылу берілмейді, тұрғындардың көпшілігі үйде күртешемен жүреді, – деді Сауран Ахметжанов. Ол ғалымға сайтты дайындауға көмектескен, әлеуметтік желілерде жарнама беріп, құрылғыны белсенді түрде сата бастаған.

Қазақстандық стартаптың инфрақызыл жылыту құрылғыларының сынақ партиясы өте тез уақытта сатылды, алғашқы күндері 200 данасы өтті. Содан кейін құрылғының кем-кетігі түгенделді, тапсырыс берушілердің қалауы бойынша жаңадан келген кәсіпкерлер дизайнды өзгертті, бағаға әсер ететін қосымша функцияларды алып тастады. Коронавирус пандемиясы өршіген тұста сатылым да өсті.

Содан кейін кәсібін жаңа бастаған өндірушілер Қазақстанға оралып, Алматының АТП АЭА аумағында өз өндірісін дамытуға шешім қабылдады. Себебі бұл жақта жалдаудың төмен мөлшерлемесі, салық жеңілдіктері және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ететіні ұнады. Сондай-ақ, өткен жылы пандемия кезінде олар жалдау ақысын төлеуден босатылды, бұл жас компания үшін үлкен қолдау болғанын айта кетейік.

Бүгінгі таңда made in KZ деп жазылатын тауар партиясы Польшаға жіберіледі. Бұл тауарларға Норвегия мен Ұлыбританиядан келген дистрибьюторлар да қазақстандық өнімге үлкен қызығушылық танытуда, тіпті меморандумға қол қойылды. Кипр мен Өзбекстан тапсырыс берген. Қазір Үндістанда қазақстандық технология бойынша франшизаны іске қосу мүмкіндігі талқыланып жатыр.

– Ұлыбританияда электр жылыту құрылғылары нарығының 70-80%-ы отбасылық компаниялардың есебінен ұсталады, яғни, онда монополист, ірі брендтер жоқ. Біз олармен осы нарықтың бір бөлігі үшін күресе аламыз деп ойлаймыз. Әзірге бұл ойымыз іске асып жатыр, – дейді Сауран Ахметжанов.

Еуропалық тұтынушы үшін қазақстандық жылыту құрылғысының құны 80 еуроны құрайды, бұл шетелдік аналогтардан әлдеқайда арзан.

Айтпақшы, компанияның тауар белгісі Ұлыбританияда тіркелген. Компанияда жоғары вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы Еуропалық сертификаттың болуы да маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда штатта барлығы 4 маман жұмыс істейді. Алайда кәсіпкерлер тағы да жабдықтар сатып алмақ. Инфрақызыл жылыту құрылғаларының әлемдік нарығы әлі де бос болғандықтан, кәсіпкерлер қызметкер санын көбейтуді және өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Рекомендовать
Последние новости