Алматыда «Шебер-2017» Қазақстан қол­өнершілерінің республикалық байқауы өтті (фото)

Dalanews 30 нояб. 2017 09:24 1182

Халқымызда «Шебердің қолы ортақ, ұстаның заты ортақ» деген сөз бар. Сірә, сол сөздің сырын «Шебер» байқауына қатысып, халқымыздың қолөнерін дамытып келе жатқан шеберлердің жанкешті еңбегін көргенде ұғынғандай боласыз.

Осынау ұлттық құндылықты дамы­тып келе жатқан ісмерлер арқылы ата-бабалары­мыздың көзіндей болған өнер өміршең болып, бүгінгі күнмен үндесіп отыр.


Өзінің әлеуметтік, ұзақ мерзімді жобаларына үнемі қолдау білдіріп келе жатқан «Шеврон» компаниясы он жылдан астам уақыт осы жобаны қолдап келеді.

Алматы Тауэрс кешенінде «Шебер-2017» Қазақстан қол­өнершілерінің республикалық байқауына қатысқан шебер қолды, ісмерлерді марапаттау рәсімі өтті. Дәл осы күні байқау жеңім­паздарының жұмыстары қойылған көрме де өз жұмысын бастады. «Шеврон» компаниясының өкілі Лейла Айтмұханова 2009 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жобаны ел қолөнершілерінің асыға күтетінін айта келе, Қазақстандағы қолөнерді дамыту жобасы әлеуметтік инвестициялардың ең қомақтысы екендігін жеткізді.
Жалпы, «Шебер» жобасы 2006 жылдан бастап «Шеврон» компаниясының бастамасымен әрі қаржылай қолдауымен тұрақты жүзеге асып келеді.

Бұл жоба «Шевронның» «Қазақстандағы қолөнер және дәстүрлі кәсіпшілікті жаңғырту» бағдарламасының бір бөлігі іспетті.



Тұсауы кесілген жобаны Қазақстан Қолөнершілер одағы, Our Herіtage қоғамдық қорымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен «Орталық Азияның Еуразия қорларымен бірлесіп жүзеге асыруда. Осы жобаның қол жеткізген нәтижесі неде? Ең бастысы, осы жылдар ішінде Қазақстан қолөнершілер одағы құрылды. Биылғы жылы одақ өзінің бесжылдығын атап өтуде. Дәл қазір Қолөнершілер одағы мәдени және рухани құндылықтарды, елдің тарихи, этнографиялық мұраларын келешек ұрпаққа жеткізу үшін аянбай қызмет көрсетіп отыр.
Биылғы жылы «Шебер» байқауына қатысу үшін еліміздің әр қиырынан 90 өтініш келіп түсті.

Келіп түскен жұмыстардың бар­лығын да жүлдеге лайықты деп айтуға болады. Дегенмен, бай­қаудың өзіндік талабы, шарты бар. Жеңімпаздарға деп белгіленген 20 жұмыстың саны арта түсіп, 36 жұмыс ең үздік деп танылды.



Жеңімпаздар «Мұрагер», «Жоғары шеберлік», «Асыл ұстаз», «Жоғары сапа», «Жаңашылдық», «Дарынды бастау», «Төлтума­лық», «Экодизайн», «Ұлттық мәдени бренд», «Қазақстандық ұлттық кәдесый», «Озат іскер» атты номинациялар бойынша марапатталды. Ал ең үздік шеберге Қазақстан Қолөнершілер одағының бас марапаты – «Хас шебер» табысталды.

Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлованың айтуынша, жыл санап шеберлер қатары артып, ұлттық өнер дамып келеді. Әсіресе, киіз, зергерлік, ағаш ою, темір, тоқымашылық пен дәстүрлі киімдерге деген халықтың қызығушылығы мен сұранысы арта түскен.





Дереккөзqamshy.kz

Рекомендовать
Последние новости