Алматыда қаралы қауым Халық қаһарманы, батыр ғарышкер Талғат Мұсабаевты ақтық сапарға шығарып салу үшін Офицерлер үйіне жиналды. Атақты ұшқыш-ғарышкер 4 тамызда 75 жасына қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Dalanews.kz Zakon.kz-ға сілтеме жасап.
Бүгін, таңертең Қазақстанның Халық қаһарманын соңғы сапарға шығарып салу үшін 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа батырдың туыстары, әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен белгілі тұлғалар жиналды.
Қаралы жиынға ресейлік ғарышкер Сергей Крикалев те арнайы келді. Ол Талғат Мұсабаевпен бірге жұмыс істеу бақытына ие болғанын айтып, оның жұмыстағы және өмірдегі жақсы қырларына тоқталды.
Сондай-ақ марқұмның әріптестерімен бірге белгілі ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов те қоштасу рәсіміне қатысты.
Офицерлер сарайының фойесінде құрметті қарауыл қойылды.
Қаралы қауым ішінен бірқатар депутаттардың қарасы да байқалады. Олардың арасында мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, ғалым Рахман Алшанов, запастағы генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков те бар. Ғарыштан кейін Талғат Мұсабаев заң шығару саласымен де айналысқаны белгілі. Ол Сенат депутаты, қоғам қайраткері бола отырып, көптеген игі бастамаларға бастамашылық еткен.
Қаралы қауымға жиналған игі-жақсылар кезек-кезек сөз алып, өз қызметін отандық ғарыш саласын дамытуға арнаған бірегей батырдың ерен еңбегі мен өшпес ерлігін баса атап өтті.
Бұдан кейін 28 панфиловшы-гвардияшылар атындағы саябақта аза тұту митингісі өтетіні белгілі. Марқұм Кенсай зиратына жерленеді.
Айта кетсек, Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Фабричное ауылында (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) дүниеге келген. Ол Қазақстанның Халық Батыры, Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы болып табылады. Талғат Мұсабаев ғарышқа 1994, 1998 және 2001 жылдары үш рет ұшқан. Сондай-ақ ол ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы (2007-2016 ) болды. 2017 жылдан 2023 жылға дейін Мұсабаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атақты ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Сонымен қатар, "Роскосмос" Талғат Мұсабаевтың қазасына байланысты көңіл білдірді.