Алматы халықаралық әуежайында Нипах вирусы анықталған жағдайда әрекет ету тетіктері бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығу өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, оқу-жаттығу қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға дайындықты тексеруге бағытталған. Негізгі мақсат – әуежайдағы кіру пункті қызметтерінің аса қауіпті жұқпалы ауруларды, соның ішінде Нипах вирусын дер кезінде анықтап, оқшаулау қабілетін бағалау.
Жаттығуға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, жедел медициналық жәрдем, жұқпалы аурулар стационары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, кеден қызметі, полиция департаменті және Алматы қаласының халықаралық әуежайының мамандары қатысты.
Сценарий бойынша Нипах вирусына күдік келтірілген жолаушы анықталды. Барлық қызметтер бастапқы санитариялық-карантиндік бақылаудан бастап, шартты науқасты оқшаулау, ауруханаға жатқызу, індетке қарсы және дезинфекциялық шараларды жүргізуге дейінгі толық алгоритмді пысықтады.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейде үйлесімді екені және дайындықтың жеткілікті екені расталды. Қолданыстағы алгоритмдер ықтимал биологиялық қауіптерге жедел әрекет етіп, халық үшін тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Шара соңында өткен жұмыс кеңесінде жүргізілген жұмыстар талданып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейту жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Министрлік мұндай оқу-жаттығулар мемлекеттік шекараның санитариялық қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігі екенін және елдің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ 2025 жылы санитариялық-карантиндік бақылаудан 7,2 миллион жолаушы өткені, олардың 86-сында эпидемиологиялық қауіптің жоғары белгілері анықталып, барлығы медицина қызметкерлерінің тексеруінен өткені хабарланды. Аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген.
