Алматыда жоғары қабаттан секіріп кеткен оқушының дорбасынан қанға оранған майлық пен өткір зат табылған

Көркем Алдабергенова 17 сент. 2024 10:15 6385

16 қыркүйекте Алматыда екі бірдей оқушы тұрғын үйлердің бірінен құлап кеткен. Олардың бірі "ешкімге масыл болғым келмейді" деп әлдекімге хат жіберген, - деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.  

Жаға ұстатарлық жайт Жамбыл көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы 9 қабатты баспанада болды. Үйіне қайтып келе жатқан алматылық тұрғын Галина Васильева ауласының маңынан полиция қызметкерлерін көріп, жақындай бергенде жерден оқушы қыздардың мәйітін көріп есеңгіреп қалған.

– Мен емханада болғам. Келсем, полицейлер жүр. Екі қыздың денесін көрдім. Олардың биіктен құлап, өздеріне қол жұмсағанын естідім. Менің білуімше, олар алдымен, тамырын кеспек болған. Алайда қолдарынан келмеген соң, секірген секілді. Сөмкелері толған қорқынышты заттар, сұмдық-ай! Мына шатырға баратын баспалдақ үнемі ашық тұрады, – деді куәгер Галина Васильева.

Тұрғындар қайғылы жағдайдан кейін полицейлермен бірге жүріп, үй кіреберісінде темекі қалдықтарын байқаған. Одан соң шатырға шығып, оқушы қыздардың сөмкелері мен жеке заттарын көріп шошыған. Себебі дорбалардың ішінде қанға оранған майлық, дәрілік препараттар мен қауіпті өткір заттар болған. Сондай-ақ оқушының бірі ұялы телефонынан бейтаныс адамға күмәнді хабарлама жіберген.

– Қыздардың бірінің сөмкесі жатты. Оның ішінде ас үй пышағы, кескіш заттар, қанға боялған майлық, 7-сыныптың оқулықтары болды. Біз жоғары көтерілдік. Онда екі аяқ киім, екі телефон болды. Сосын шылымның қалдығын көрдік. Телефондарын куәгер ретінде біздің көзімізше ашып көрсетті, онда әлдекімге «тамырымды таппай тұрмын, шаршадым, ешкімге кедергі, масыл болғым келмейді» деген хабарлама жіберілген, – деді куәгер Наталья Наумова.

Куәгерлердің сөзінше, марқұм қыздар жақын дос болған көрінеді. Олар сол маңайдағы №25 мектептің 7-сыныбында оқыған. Бірі көрші аулада, екіншісі сол аудандағы басқа көпқабатты үйде тұрған. Оқиғаға қатысты полиция департаменті мәлімдеме жасады.

– Бұл дерек бойынша Алмалы аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталуда, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жантүршігерлік жағдай бұл көпқабатты үйдің тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Оның үстіне, жоғарыға апаратын есіктің әрдайым ашық тұратынын бәрі біледі. «Жасөспірімдер түрлі әрекетке баруы мүмкін» деп алаңдайды. Бүгінгі қайғылы оқиға бұған дәлел болғандай. Тұрғындар пәтер иелері кооперативінен ауладағы қауіпсіздікті қатаң бақылауға алуды талап етіп отыр.


Рекомендовать
Последние новости