Алматыда 40 адамды сан соқтырған қаржы пирамидасын құрушылар сотталды

Көркем Алдабергенова 14 нояб. 2025 10:45

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Warner Bros» қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары азаматтарды жоғары табыс уәдесімен инвестиция салуға үгіттеген.

Жобаға заңды көрініс беруі үшін осы іске еш қатысы жоқ танымал голливудтық компаниясының атауын пайдаланған. Қатысушыларға фильм трейлерлерін қарау және жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылған.

Жоба 9 деңгейден тұрған, орташа салым мөлшері 225 мың теңге, төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданған.

Схеманы ілгерілету үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер белсенді қолданылған. Администраторлар арнайы чаттар құрып, оқыту жүргізіп, нұсқаулықтар мен бейнероликтер таратқан, жылдам табыс пен криптовалюта түрінде сыйақы уәде еткен.

Тергеу барысында салымшылардан жиналған және аударылған қаражатты сақтау үшін пайдаланылған криптоәмияндар анықталды.

Сот санкциясымен жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Сот үкімімен ұйымдастырушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот 40 жәбірленушінің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, олардың залалы тыйым салынған криптоактивтер есебінен өтелетін болды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости