Алматы облысындағы баланы Абай облысына тіркеген: Damu Bala-ға қатысты алаяқтық әшкере болды

Сағыныш Сардарова 12 сент. 2025 11:20

Абай облысында Damu Bala-ға қатысты алаяқтық әшкере болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚМА Абай облысы бойынша департаменті балалар шығармашылығын дамытуға арналған "Damu Bala" платформасы арқылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында "SAMGAU өнер&спорт мектебі" ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдалана отырып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған мәліметтер ұсынғаны анықталған.

Осы есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге мемлекеттік қаржы бөлініп отырған. Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі өздерінің бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенінен мүлдем бейхабар болған.

Мәселен, бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген 23 млн теңге залал күдікті тарапынан толық өтелді.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости