Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтағы Назарбаевтардың қазіргі рөлі туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Алматы облысында мұнай, кен, қаржы саласы, банктер де жоқ. Аймақта трансұлттық, үлкен компаниялар бар немесе орта бизнес дамыған. Сондықтан облыста олигархтар емес, орта деңгейдегі кәсіпкерлер",- дейді әкім Erbol Seilkhan ютуб арнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Сұлтанғазиев "облыстағы маңызды тағайындаулар Назарбаевтардың мақұлдауымен жүргізіледі" деген пікірге қатысты ойын айтты.
"Жалпы қызметкерлерді тағайындаудың тәртібі бар. Саяси қызметті тағайындау үшін орталық органның келісімі болуы керек, тәжірибесі болуы керек. Кейіннен оны президент әкімшілігі қарайды. Облыстың бірінші басшылары солай тағайындалады. Әкімдікте орынбасарлар, аудан әкімдері сондай келісімнен өтеді. Басқармадағыларды тағайындау үшін сала министрлігінің келісімін алу керекпіз", - дейді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ сұхбат барысында Марат Сұлтанғазиев Заманбек Нұрқаділовтің Кегендегі бюстінің ашылуына неге бармағанын түсіндірді.
"Мен қаңтар айында ол кісінің асына қатысқанмын. Дүйсенбі - жұмыс күні болды, артынша үкімет отырысы болды. Яғни жұмыс кестесіне байланысты бара алмадым. Бірақ орынбасарым болды",- дейді әкім.
Одан бөлек, әкім Шерзат Болаттың үйі өртеніп кеткеннен кейін оның отбасына үй беру мәселесі туралы пікірін айтты.
"Үй өртенгеннен кейін облыстағы меценаттар көмек берді. Ол әкімдік тарапынан ұйымдастырумен болды. Біз отбасына үй жалдауды ұсындық. Алайда олар "жалдаудың қажеті жоқ, жақында ата-анамыз тұрады, сол жерден шығарамыз" деді. Үй салу бойынша: біз ұсыныс жасадық, аудан әкімі сөйлесті, олар үй мәселесін көктемге дейін қалдыруды ұсынды. Ол да дұрыс шығар. Себебі қазір тергеу жүріп жатыр, арнайы органдар, оның ішінде ТЖД сараптама жүргізді. Бірақ қыста жай отыра бермей, үйдің салынуы құжаттарын реттей бастау бойынша аудан әкімдеріне тапсырма бердім", - дейді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі үй салу мәселесін Шерзаттың отбасы көктемге дейін қалдыруды ұсынғанын тағы да атап өтіп, сол уақытта өртенген үйдің орнына жаңа баспана салынатынын айтты.