Алматы облысында екі күннен бері қоқыс полигоны жанып жатыр. Dalanews.kz ахуалға шолу жасады.
Мән-жайы
Алматы – Өскемен тасжолының 35-шақырымында, Алатау ауылы маңындағы "ADC TAZA ALEM" ЖШС-іне тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққан.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, жалпы аумағы 35 гектар болатын полигонның шамамен 10 гектар жерінде қоқыс жанған.
ТЖМ не дейді?
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
"Жекелеген учаскелерде 10 метрге дейінгі тереңдікте бықсу байқалады. Өрт ошақтарын сөндіру үшін инертті материалдармен толтырып жатырмыз. Жел бағыты қосымша қиындық туғызып отыр. Полигон ауданы соқамен жыртылды", - деді ТЖМ өкілдері.
7 өрт сөндіру учаскесі құрылған. Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығы, полковник Дәурен Оразбековтің басшылығымен жедел штаб құрылған.
Өртті сөндіру жұмыстарына Алматы облысы, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімі, жергілікті атқарушы органдар, "Қазселденқорғау" және Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметінің 120-ға жуық адамы мен 60-тан аса техникасы жұмылдырылған.
"Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігі бақылауында. Өрттің жақын маңдағы аумақтарға таралу қаупі жоқ", - деп сендірді ТЖМ өкілдері.
Әкімдік не дейді?
Алматы облысы әкімдігі мәліметінше, жұмыс тәулік бойы тоқтап жатқан жоқ. Қосымша "Терең қара" каналынан 2000 метрлік өрт сөндіру құралы арқылы мотопомпамен су беріліп отыр.
"Өртті сөндіруге 108 адам және 54 техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, жағдай толық бақылауда. Жұмыстар жалғасып жатыр", - деді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.