Алматы облысында 1,5 млрд теңгеге жөнделген мектептегі кемшілік расталды — әкім орынбасары тексеріс жүргізді

Қаракөз Амантай 03 нояб. 2025 11:58

Алматы облысында 1,5 млрд теңгеге жөнделген мектепке қатысты тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Dalanews.kz редакциясы Іле ауданындағы №20 мектептің сапасыз жөндеу жұмыстары жайлы мәселе көтерген еді. Осы жарияланымнан кейін облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев нысанға арнайы барып, жағдаймен танысты.

Шенеунік Іле және Талғар аудандарындағы бірқатар білім беру нысандарының нақты ахуалын көзбен көріп, жөндеу сапасын бағалады. Қадағалау шарасына аудан әкімдері, прокуратура өкілдері мен қоғам белсенділері де қатысты.

Тексеру барысында ата-аналар мен тұрғындар көтерген бірқатар кемшіліктің бар екені расталды. Ғани Майлыбаев жауапты мердігер компаниядан түсініктеме алуды және жөндеу сапасына қатысты қосымша сараптама жүргізуді тапсырды.

Ең алдымен Ғани Майлыбаев Іле ауданының М. Түймебаев ауылындағы №20 орта мектепке барды. Мектеп былтыр ақпан айындағы жер сілкінісінен кейін жарамсыз деп танылып, кейін "төтенше жағдайдың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары" жобасы аясында 1,5 млрд теңгеге жөнделген еді.

Құжаттар бойынша жұмыстарды «ARCH STROY INVEST» ЖШС орындаған, ал техникалық және авторлық қадағалауды «KA Lider LTD» және «Арлан-проект құрылыс» компаниялары жүргізген.

Алайда тексеру кезінде облыс әкімінің орынбасары мен комиссия мүшелері мектеп ғимаратынан бірқатар кемшілікті анықтады.

Атап айтқанда, жертөледе су ағуы мен кәріз жүйесіндегі ақаулар әлі де сақталған.

Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, 8 қазанда анықталған жылу жүйесіндегі ақаулар жойылып, жылыту радиаторлары мен терезелер ішінара жаңартылған, ал сыныптарға линолеум төселіп, қасбет алюминий панельмен қапталған.

Соған қарамастан, жылыту жүйесіндегі және жертөледегі мәселелер толық шешілмегені белгілі болды.

"Бұған қосымша мектеп ғимаратының 2 және 3-қабаттарындағы 40-қа жуық жылыту радиаторы жаңартылып, кабинеттерге линолеум төселіп, терезелерге реставрация жасалған. Бүгінде №20 орта мектеп ғимаратында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ақсап тұр", - дейді alatauaraiy.kz агенттігі.

Ғани Майлыбаев жауапты мердігерлерге кемшіліктерді жедел түрде жоюды және мектептегі жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды.

Ол нысанды қатаң бақылауда ұстайтынын және сапасыз орындалған жұмыстар үшін жауаптыларға шара қолданылатынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Dalanews.kz жариялаған материалда ата-аналар мен ауыл тұрғындары мектеп ғимаратындағы ақауларды көрсетіп, жөндеуге бөлінген 1,5 млрд теңгенің қалай жұмсалғанына күмән келтірген болатын. 


Рекомендовать
Последние новости