Алаяқтарға алданып қалған танымал профессор көпшілікке үн қатты

Кәмшат Тілеухан 01 авг. 2025 17:00

Алматыда белгілі журналист, профессор Кәкен Хамзин кибералаяқтардың құрығына түсіп, басындағы жалғыз пәтерінен айырылып қалды. Қазір полиция іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Зиялы қауым өкілі бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке егжей-тегжейлі баяндап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға биыл 12 маусымда басталған. Профессордың айтуынша, сол күні таңертең өздерін "қалалық энергожүйесі" мекемесінің қызметкерлеріміз деп таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан. 

"Олар маған үйдегі электр есептегішінің ескіргенін,оны шұғыл түрде ауыстыру керектігін айтты. Телефонда "қалалық энергожүйесінің" логотипі тұрды. Соларға сеніп, еш күдіктенбей, жеке мәліметтерімді беріп қойдым", – деп жазады профессор Facebook-тегі парақшасында.

Осыдан соң профессорға іле-шала өзін "қаржы бақылау департаментінің қызметкерімін" деп таныстырған басқа бір адам телефон шалған. Ол профессордың eGov порталындағы барлық жеке деректері алаяқтардың қолына түсіп қалғанын айтып, "бұл құпия операция, ешкімге тіс жармаңыз, әйтпесе жауапқа тартыласыз" деп қатаң ескерткен.

"Осыдан кейін өз кабинетінен өзін "ҰҚК майоры Мальтиев" деп таныстырған үшінші адам видео арқылы байланысқа шықты. Барлығын өз бақылауында ұстайтынын айтып, мені алаяқтарды ұстауға көмектесуге міндетті екенімді нығырлап айтты", – дейді Кәкен Хамзин.

Сол күннен бастап профессор белгісіз үш адамның жетегінде кетіп, бірнеше миллион теңгесінен айырылған. Алғашында алаяқтар оның атына 4 миллион теңге көлемінде кредит рәсімделгенін айтып, осы соманы тез арада терминал арқылы "Ұлттық банк есебіне" жіберуін талап еткен.

"Олардың көрсеткен мекенжайлары бойынша барып, бірнеше терминал арқылы ақшаны аударып жібердім. Біраз уақыт өткен соң ақшаның "Ұлттық банк есебіне" түскені туралы құжат жіберді. Сеніп қалдым", – дейді профессор.

Осыдан кейін қаскөйлер профессордың Халық банкіндегі шотында жатқан 5 миллион теңгесін "алаяқтар қолына түспесін" деген желеумен қолма-қол шешіп алып, курьерге тапсыруға көндірген.

"Кездесу Алматыдағы Әуезов пен Абай көшелерінің қиылысындағы банк бөлімшесінің алдында өтті. Тіпті, курьердің суретін де түсіріп алдым. Ар жағымда бір күдік болды ма, білмеймін. Бірақ көп ұзамай ақшаның тағы да "Ұлттық банк есебіне" түскені туралы хабарлама келіп, сенімім нығая түсті", – дейді жәбірленуші.

Мұнымен алаяқтар тоқтамаған. Олар "жеке деректеріңізді толық жаңарту үшін" деген сылтаумен профессорға өз пәтерін сатқызуға дейін барған.

"Үйіңізді нотариус арқылы нарық бағасынан төмен бағамен сатыңыз, бұл - уақытша шара, ақшаңыз "Ұлттық банк есебіне" түседі деп сендірді. Есімді жисам, жарты ай бойы солардың айтқанына еріп жүре беріппін. Сөйтіп, 26 маусым күні үйімді 31 миллион теңгеге саттым", – дейді профессор.

Пәтер сатылған соң, ақшаны тағы да кешкі уақытта курьер арқылы "арнайы есепшотқа" аударып жіберген. Осы кезде ғана алаяқтар оның eGov порталындағы жеке деректері "жаңартылып жатыр" деп сендіріп баққан.

Профессор алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын тек 4 шілде күні ғана түсінген. Сол күні үйді сатып алған отбасы полициямен бірге келіп, пәтерді босатуды талап еткенде, алаяқтардың өздері оған "сіз алаяқтарға жем болдыңыз, енді біз сізге көмектесе алмаймыз, қызыңыз бен немерелеріңізді ойлаңыз" деп айтқан.

"Есімнен танып қала жаздадым. Қыздарым шетелде жүрген еді, шәкірттерім дереу көмекке келді. Пәтер сатып алған отбасыға уақытша тұратын баспана тауып беріп, өздері қаржы жинап көмектесті. Қазір үйім арестте тұр, полиция істі тергеп жатыр", – дейді профессор.

Кәкен Хамзиннің сөзінше, қазір оның отбасына тағы 26 миллион теңгеден астам қаражат керек. Бұл ақшаны 25 тамызға дейін пәтер сатып алған отбасыға қайтаруы тиіс. Сол үшін ол көпшіліктен қолдау сұрап, әлеуметтік желі арқылы үндеу тастады.

"Мен мұны сіздерге сабақ болсын деген ниетпен жаздым. Алаяқтардың құрығына ілінген тек мен ғана емес. Еңбегі сіңген архитектордың да дәл осындай жағдайға тап болғанын естідім. Көптеген адам гипноздың әсерімен үлкен сомада несие рәсімдеп, ақшасынан айырылып жатыр. Сақ болыңыздар, алданбаңыздар", деген ол көпшілікке ескерту жасайды.

Қазіргі уақытта профессордың шәкірттері мен туыстары халықтан жәрдем сұрап, қаражат жинап жатыр. Полиция істі тергеуде.

Көмек қолын созамын дегендер үшін реквизиттер:
Kaspi, Halyk: +7 775 650 58 09 (Әсел Қ.)


Рекомендовать
Последние новости