Алаш және Түркістан автономиясы неге біріге алмады?

Dalanews 10 мая 2019 13:07 7567

Түркістан автономиясын жариялай отырып, М.Шоқай мен оның серіктері бұл мақсатты іске асырудың қаншалықты азапты, күрделі екендігін жақсы түсінеді.

Ол съезде сөйлеген сөзінде:

«Сіздер бірден толыққанды мемлекет құрғыларыңыз келеді. Ал ол үшін бізде адам жоқ, тәжірибе жоқ, мүмкіндік жетімсіз, әскер құрылмаған. Россия қаншалықты құлдырау кезеңінде десек те, бізден әлдеқайда қуатты... Жариялай салу оңай, алайда біздің жағдайымызда оны сақтап қалу өте қиын», – деген ойды айтады.

1917 жылдың аласапыранында мұндай ой жалғыз М.Шоқайды қинаған жоқ еді. Тура осындай пікірді Алашорда автономиясын құруға байланысты Әлихан Бөкейхан да білдірген болатын.

Ал осы 1918 жылдың 11-ақпанында большевиктер күшпен Қоқан ойранын жасап, таратып жіберген Түркістан (Қоқан) автономиялық үкіметі нені көздеді?

 Кеңестік тарихнама саналы түрде мағынасын бұрмалап, клерикал-феодалдық мазмұнда көрсетуге тырысқан Түркістан автономиясы жай бір қалалық құбылыс емес, Түркістан халықтарының өзін-өзі билей алу құқығын мойындамай, ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған Тәшкендегі Кеңестік билікке балама билік есебінде өмірге келген жалпытүркістандық құбылыс болатын.

 Бұл үкімет алдына ешқандай да сепаратистік мақсат қойған емес. Большевиктер билігі болса Қоқан автономистерін күшпен тарата отырып, жергілікті халық алдында өздерінің ұлттар теңдігіне қалай қарайтындығын іс жүзінде көрсеткен еді.

Ал Қоқан үкіметінің мүшелері өздерінің Түркістан Кеңестері съезіне жолдаған хатында жаңа билік пен идеологияның халыққа зорлықпен таңылып отырғандығын айтып:

 «Никакая власть, возглавляемая даже самой гениальной личностью не может, не в силах дать народу идеи, идеала, раз в нем самом не существует их зародыша» деп көрсетеді.


1917 жылдың желтоқсан айында М.Шоқай Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезіне қатысып, съезд сайлаған Алашорда үкіметінің құрамына енеді. Сөйтіп, ол жаңа құрылған екі үкіметтің де мүшесі болады. Оның себептері туралы не айтуға болады?

Біріншіден, Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланып, үкіметі құрылғанда М.Шоқай айға жетер-жетпес мезгілде Алашорда үкіметінің өмірге келерін білген жоқ еді және оны ойлауға уақыт ағымы мұрсат та берген жоқ-тын.

Екіншіден, Алашорда үкіметінің құрамына енуге келісім беруі орынсыз деп айту қиын. Өйткені Алашорда үкіметін сайлаған желтоқсан съезі «Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып ала алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді» деген шешім қабылдайды.

Оқырманға мәселе толығырақ түсінікті болуы үшін қосымша мына жағдайды айта кету қажет.

1917 жылғы дүрбелең тұсында қазақ зиялылары арасында қазақ елінің мемлекеттік тұтастығы жөнінде ортақ пікір болған жоқ.


 М.Дулатұлы бұл мәселеге байланысты мынадай түсінік берген-ді:

 «Ол кезде Түркістан мен қазақ бірігуі керек деушілердің дәлелі орыстың отаршылдығынан құтылу үшін, күшті болып ұлт тілегін жүзеге асыру үшін Орта Азия елдері бірігуіміз керек» дейтін.

 Бөкейханұлы Әлихан пікірі: «Орта Азия болып (өзбек және басқалармен) бірігуге болмайды, оларда ескішілдік (консерватизм), діншілдік, дін жолында ұстағанынан айырылмаушылық (религиозный фанатизм) күшті.

Оларды ишан, қожа-молда билеп келе жатқан халық, шариғат жолынан тез арада арылмайтын халық.

Шаруа түрі бізден басқа, мәдениет жолында бізден де төмен, сондықтан екі соқыр қол ұстасып жүріп күн көре алмаймыз» дейтін пікірде болатын.

Бөкейханұлының бұл пікіріне біз де қосылатынбыз».

Тура осы автор М.Шоқайдың бұл мәселеге қатысты пікірі жөнінде:

«Съездің соңына қарай Қоқаннан Шоқайұлы Мұстафа келді. Шоқайұлы Қазақ автономиясының өз алдына жеке құрылуына қарсы болды. Түркістанмен қосылуды жақтады» деп көрсетті.

Оқиғалар ағымы бұл екі автономияның да ғұмырын ұзақ еткен жоқ. Құрамындағы халықтардың өзін-өзі басқару құқығын мансұқ еткен түрлі саяси топтардың өзара арпалысты күресі жағдайында мәселенің басқаша шешілуін күту қисынсыз еді.


 Бірақ бізге мәлім басы ашық жағдай М.Шоқайұлы өмірінің соңғы сәтіне дейін Түркістан халықтарының тәуелсіздігі олардың мемлекеттік тұтастығына байланысты деген ойда болған. Осы ойдың жалынды насихатшысы болып өмірден өтеді.

Өз уағында айтылған бұл пікірдің XX ғасырдың соңына қарай іске асу мүмкіндігінің қаншалықты қиын екендігін түсіне отырып, сонымен бірге оның стратегиялық тұрғыдан қаншалықты терең және дәл айтылғандығын уақыттың өзі әлі талай р,ет көрсетіп беретіндігіне біздің ешқандай да шүбәміз жоқ.

Сонымен, Ресей империясы көлеміндегі азаматтық қарсылықтың шиеленісуі барысында М.Шоқайұлы алдымен 1920 жылы Маңғыстау арқылы Грузияға барады да, соңынан, яғни 1921 жылдың ақпанында Станбұлға аттанады. Осы арада мынадай бір кішкене детальды айта кету артық емес.

Ол Грузияда журнал шығарып тұрған шағында Ташкендегі Сұлтанбек Қожанұлынан телефонограмма алады.

 Онда алдымен істеп алып, артынан кешірім сұрайтын Кеңес үкіметінің Қоқан автономистеріне амнистия жариялағандығы, соған байланысты Мұстафаның кейін, Ташкентке қайта орала беруіне болатындығы жөнінде айтылған еді.

Бір ғажабы Мұстафа бұл арада да өте тиімді шешімге келе білді. Ол кейін оралған жоқ. Сөйтіп, оның ғұмырының соңына шейін ұласқан эмиграциялық қызметі басталады.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,


(жалғасы бар)


«Қазақ тарихы» журналы, 1997 жыл.


Мақаланы көшіріп басарда Dalanews.kz-ке сілтеме жасалу міндетті.


Рекомендовать
Последние новости