12 жастағы оқушыны әуежайда жалғыз қалдырған Air Astana сотта тағы жеңілді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлысмедиаға сілтеп.
Бүгін Air Astana компаниясының өтінішін қарау аяқталды. Тасымалдаушы «ұшақта орын жетпеген» қыздың анасына берілетін моральдық өтемақыны бес миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін азайтуды сұрады.
Адвокат Данильхан Шағатаевтың сөзінше, апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырған. Бұл туралы адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Сот үкімі бойынша, компания Зеренің анасына материалдық өтемақы ретінде бес миллион теңге төлеуі керек.
Бұл Air Astana-ның еншілес компаниясы FlyArystan-ға қатысты оқиға. Компания қызметкерлері кәмелетке толмаған жолаушыны Астана әуежайында жалғыз қалдырып кеткен болатын.
Зере және Зәуре есімді егіздер былтыр 20 шілдеде АҚШ-тан Орал қаласына Астана арқылы ұшып жетпек болған. Рейске тіркеу кезінде FlyArystan қызметкерлері олардың тек біреуін тіркеп, Зерені жалғыз қалдырып кеткен.
Қызметкерлер бұл мәселені шеше алмай, бала Астана әуежайында жалғыз қалып қойды. Осылайша Зере тек келесі күні ұшып кеткен.