Аграрлық университеттің жеріне "Ескі Қазақстан" өкілдері таласып жатыр - депутат

Қаракөз Амантай 27 февр. 2024 15:26 4181

RAMS құрылыс компаниясы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қалашығына тоғыз қабатты бес үй салуды көздеп отыр. Бұл мәселені мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерді. Оның айтуынша, аталмыш компания студенттерге тиесілі жерді иемденіп алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құрылыс компаниясына шүйліккен мәжілісмен бұл даулы мәселені желідегі парақшасында мәлімдеді.

Видеода депутат кампустың қақ ортасынан қазылған шұңқырды көрсетіп, көпшіліктің назарын аударады. 

"Достар, біз қазір Алматыдағы Ұлттық аграрлық университетінің қалашығында тұрмыз. "Ескі Қазақстан" өкілдері осы студенттер қалашығының ішіне әлімжеттік жасап, тоғыз қабатты бес үй соқпақ. Мына айналаның бәрі - студенттік қалашық. Міне, осы қалашықтың ортасын ойып, бассыздыққа барып отыр. Менің ойымша, студенттерге мұндай әлімжеттік жасауға болмайды. Біздің болашағымыз жастар дейтін болсақ, олардың дұрыс білім алуына және ғылыммен айналысуына жағдай  жасауымыз керек. Мұндай жағдайға тосқауыл қоюымыз қажет", - деді Cаиров.

Осы тұста мәжілісмен аталмыш мәселені Бас прокуратурамен бірлесіп шешетінін айтып, уәдесін берді.

"Алматыдағы RAMS компаниясы балаларымыздың жерін қайтармай отыр. Менің ойымша, бұл мәселемен бас прокуратура айналысуы керек. Жерді студенттерге қайтарып беруіміз керек. Бұл мәселені бас прокуратурамен бірігіп, қолға алатын боламыз", - деп сөзін қорытындылады депутат.

Еске салайық, Саиров бұған дейін де 2023 жылдың жазында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін қайтаруды талап еткен болатын. Мәжілісмен бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ оқытушы ғалымы мәжіліс депутаттарына университеттен заңсыз шыққан активтерді оқу орнына қайтару туралы өтініш жасағанын жеткізген.

"2001-2022 жылдары мың орындық студенттік үш жатақхана, бес оқу-зерттеу корпусы - 18,828 шаршы метр. Әкімшілік шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері - 700 шаршы метр, университет ғимараттарына іргелес жер учаскелері - 5 гектар жер. Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан университеттің оқу тәжірибелік шаруашылық жер учаскелері - 12 гектар. Барлығы қолды болып кеткен", - деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар депутат тексеру қорытындысы бойынша тиісті органдармен бірлесіп, мүлікті қайтару жөнінде жұмыс жасалатынын да айтқан болатын.

"Түйені түгімен жұтатындардың" заманы өтті, олардың атын атап, түрін түстеп шындықты халықтың алдына шығару керек”, – деп мәлімдеме жасаған еді.

Ал істің мән-жайын анықтау үшін Dalanews.kz агенттігі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне сауал жолдады.


Рекомендовать
Последние новости