Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев 85 мың теңге жалақы алатын қазақстандықтар 6 миллион тұратын отандық ең арзан көлікті алу үшін қанша уақыт ақша жинауы керек екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл сауалға шенеунік брифингте жауап берді.
"Қазақстанда автокөлік өндірісімен сегіз өнеркәсіп кешені айналысады. Екеуі жеңіл автокөлік өндірісіне бағдарланған: Қостанайда және Алматыда. Олардың өндіріс көлемі 134 мыңға жетті. Ең төменгі класстағы көліктің құны, қателеспесем, 6 миллионға жуық", - дейді ол.
Өнеркәсіп комитетінің төрағасы "қазақстандықтар мұндай жалақымен қанша уақытта көлік ала алады?" деген сауал министрліктің құзыретіне кірмейтінін айтты.
"Жалақы мәселесі біздің министрліктің тікелей құзыретінде емес. Бірақ математикалық тұрғыдан алсаңыз 6 миллионды 85-ке бөлесіз ғой", - деді ведомство өкілі.