Халықаралық қаржы орталығы «Астана» алаңында өтіп жатқан XII Халықаралық «Антиконтрафакт» форумында темекі және никотин өнімдерінің контрабандасы мен контрафактісіне арналған баспасөз конференциясы өтті.
«Антиконтрафакт» форумы – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағындағы контрафактіге және жалған өнімдерге қарсы іс-қимыл бойынша ірі әрі маңызды іскерлік шара. Форумды ЕАЭО-ға төрағалық етуші мемлекет өткізеді. Бұған дейін форум Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Ресей астаналарында және басқа елдерде ұйымдастырылған. Қатысушылар заңсыз сауданың ауқымын, оның экономика мен халық денсаулығына тигізетін зардаптарын және мәселенің шешімін талқылайды.
ЕАЭО елдерінде контрабандалық темекі сатудан түспеген салық түсімдерінің жалпы сомасы жыл сайын өсіп, соңғы жылдары шамамен 1,9 миллиард долларды құраған. Қазақстан – ЕАЭО-ның екінші ірі қатысушысы – 2023 жылы 32 миллиард теңге жоғалтты.
Контрафактілік өнімдер көлемі артуда
QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуковтың айтуынша, контрафактілік темекі және никотин өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келеді:
– Темекі контрафактісіне қатысты жағдай мәз емес. 2019 жылдан бері бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді. Қазіргі уақытта сатылатын темекінің 10%-дан астамы заңсыз айналымда. Бұл сала мен бюджет үшін айтарлықтай шығын, – деді ол.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Еркен Наурзбеков заңсыз өнімдерден келетін салықтық шығындардың ауқымын айта келе, бұл мәселені шешу үшін билік, бизнес және қоғамның күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті:
– Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан контрабанда мен контрафактіге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб құрылды. Бұл штаб нарық қатысушыларының күш-жігерін біріктіріп, көлеңкелі айналым туралы мәліметтерді жинақтап, шешу жолдарын ұсынады, – деді ол.
Халықаралық сарапшылардың пікірі
Форумда сарапшылар заңсыз тауарлардың жеткізу арналарының белгілі схемаларын атап өтті. Бір мысал – заңсыз жүктің алдымен Біріккен Араб Әмірліктерінен Иранға пароммен жеткізіліп, содан кейін жүк көліктерімен Иран, Ауғанстан, Тәжікстан арқылы транзитпен тасымалдануы. Қазақстанға бұл тауарлар Қырғызстан арқылы өтеді.
Ресейдегі жағдай да күрделі: 2024 жылдың алғашқы жартысында заңсыз темекі айналымынан бюджет шығыны 50,4 миллиард рубльді құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,7%-ға көп.
Шешу жолдары
Форумда заңсыз айналымға қарсы келесі шаралар ұсынылды:
Ғылыми негізделген акциздік саясатты әзірлеу;
Шекаралық бақылауды күшейту, атап айтқанда, Қырғызстанның жүк тексеру пункттерін қатаң бақылау және Қазақстанның шекаралас аймақтарында алдын алу жұмыстарын жүргізу;
Өнімдерді цифрлық таңбалау және заңдылығын тексеруге арналған мобильді қосымшаларды енгізу.
Форум қатысушылары заңнаманы күшейтуді негізгі шешім ретінде атады. Бұл шараларды ЕАЭО елдерінде қолдану заңсыз айналымға жол бермеуге ықпал етеді.