2025 жылы үй қымбаттауы мүмкін. Мамандар оның біртүрлі екі себебін атады

Кәмшат Тілеухан 19 дек. 2024 16:55 890

Қазақстанның ірі қалаларында тұрғын үй құны жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген белгілі бір шектеулерге байланысты айтарлықтай өсуі мүмкін, деп жазады Dalanews.kz.

Бұл туралы Құрылысшылар одағының елордадағы филиалының директоры Вячеслав Лазарев LS басылымына берген сұқбатында айтқан. Ол 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде осы санаттағы (самосвал) ауыр көліктерді жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда жүк тасымалдауына тыйым салынуы мүмкін екенін айтады. Ал бұл норманы бұзғаны үшін өте жоғары айыппұлдар (2025 жылы 1 мың АЕК - 3,9 млн теңге) қарастырылып отыр. Техниканы міндетті түрде өлшеуді енгізу жоспарлануда.

Лазаревтің айтуынша, бұл жағдайдың бетон жеткізу тарифтеріне, соның салдарынан тұрғын үй құнына теріс әсері бар.

"Бұл материал (бетон) құрылыс-монтаждау жұмыстарының (ҚМЖ) 7-ден 20%-ға дейінгі үлесін қамтиды. Көлемі 8-9 текше метр болатын самосвалдардың жүрісіне тыйым салынған жағдайда рейстер саны еріксіз артады, өйткені үш-төрт куб бетон араластырғыштарды пайдалану қажет болады. Бұл ҚМЖ бағасының 5-7%-ға өсуіне ықпал етеді. Қазіргі уақытта құрылыс салушылар онсызда ең төменгі маржада - 10-12% жұмыс істеп жатқандықтан, бұл шығындар тұрғын үй құнына қосылады. Осы жағынан алғанда, жаңа пәтерлер 5-7%-ға қымбаттауы мүмкін. Мұның мектептер мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандарға да қатысы бар. Мемлекеттік органдар өз шығындарын ұлғайтуға мәжбүр болады, бұл бюджет тапшылығы аясында тиімсіз",  - дейді ол.

Ол қазірдің өзінде бетонның бағасы шамамен 15%-ға өскенін еске салады. Ал кейбір секторларда баға өсімі 30-35%-ға артқан. Сондықтан көлікке қатысты шектеулер "жығылғанға жұдырық" болады. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру мерзімі 30%-ға артады. Егер бұрын монолитті-қаркас жұмыстарын алты айда атқару мүмкін болса, онда болашақта бұл мерзім бір жылға созылуы мүмкін. Салдарынан кейбір құрылыс компаниялары ұсынысты арттыру бойынша міндеттемелерді өз мойнына ала алмайды, сондықтан олар жұмыс көлемін қысқартуға мәжбүр болады. Бұл тұрғын үй секторы мен әлеуметтік нысандарды салу қарқынына теріс әсер етеді.

Лазаревтің айтуынша, саладағы тағы бір жағымсыз фактор уақыт белдеуін ауыстыру болып тұр. Ол мұны күн уақытының қысқаруымен түсіндіреді. Егер бұрын жоғарғы қабаттарда сағат 17:00-18: 00-ге дейін жұмыс істеуге болатын болса, қазір 16: 00-де жұмыс аяқталады. Салдарынан жаңа баспананы пайдалануға беру мерзімі шамамен 10-15%-ға кешіктіріледі. Осыған байланысты құрылысшылар одағы осындай салдарларға жол бермес үшін мынандай бірқатар шараларды ұсынады.

"Біріншіден, самосвалдардың қозғалысына салатын тыйымға компаниялардың дайын болуына мүмкіндік беру үшін аталған норманы 2026 жылға дейін кейінге шегере тұру керек. Екіншіден, тыйымның орнына ауыр жүгі бар көліктердің қалада қатынау мүмкіндігін қарастыруда қосымша 500 мың теңге көлемінде салық енгізуге болады. Бұл шара жергілікті атқарушы органдарға жолдарды жөндеуге, ал самосвалдардың құрылыс алаңына дейін еркін баруына мүмкіндік береді. Мәселен, тек Астананың өзінде осындай 12 мың автокөлік құралы бар, олар елордалық бюджетке 5 млрд теңге көлемінде қосымша түсім жасай алар еді. Үшіншіден, елімізде салынып жатқан жолдардың сапасын жақсарту қажет. Нәтижесінде ауыр жүк көліктеріне қарамастан олардың пайдалану мерзімі өздігінен артады.  Ақыры, бұрынғы құрылыс қарқынына оралу үшін бұрынғы уақыт белдеуіне оралу керек", - дейді маман.

Сонымен қатар, одақ ұсынылған шараларды мұқият талқылау және қарау мақсатында  "Атамекен" ҰКП-ға жолдап қойғандары да нақтыланады.


Рекомендовать
Последние новости