Сәрсенбіде қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша ұлттық валютаға шаққандағы 1 АҚШ долларының құны 526,69 теңге деңгейінде белгіленіп, шамалы өсімді көрсетті. Ал таңертеңгі жағдай бойынша баға 530 теңгеге жақындады. Ірі мегаполистегі ақша айырбас орындарында 1 АҚШ доллары, тіпті 535 теңгеден саудалана бастады. Жалпы, жаздың басынан бастап ұлттық валюта шамамен 3%-ға немесе 15,3 теңгеге әлсіреді. Доллардың бұлайша күш алуына не түрткі екенін Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.
"Теңгенің әлсіреуіне Үкіметтің келесі жылға арналған USD/KZT жұбы бойынша базалық сценарийдегі болжамын қайта қарауы әсер еткен болуы мүмкін", деп есептейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.
Сонымен қатар, қауымдастық екінші жартыжылдықта шетелдік валютаға деген сұраныс дәстүрлі түрде бюджет қаражатын игеруді жеделдету аясында тағы артатынын еске салды, бұл экономикадағы инвестициялық және тұтынушылық сұранысты ынталандырады.
"Нарық қатысушылары күтетін ақша бағамына Үкіметтің 2026 жылға арналған базалық сценариде 1 АҚШ долларының құнын 475 теңгеден 540 теңгеге дейін (+13,7%) қайта қарауы туралы ақпарат қосымша әсер етуі мүмкін. Бұл ретте мұнайдың бір баррелінің болжамды құны 75 доллардан 60 долларға дейін төмендетілген (-20%)", – деп атап өтті қауымдастық сарапшылары.
Бұған дейін сайтымызда "Күзде теңге девальвацияға ұшырауы мүмкін бе? Бектенов Үкімет позициясын ашып айтты" деген мақала жарияланған болатын. Онда Олжас Бектенов Қазақстанда доллар бағамы нарықтық факторлар негізінде қалыптасатынын, оған Ұлттық Банк араласпайтынын еске салады. Ол 2026 жылғы бюджетті қалыптастыру кезінде Үкімет мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллар болғанда 1 АҚШ доларының құны 540 теңгеге болады деген базалық сценарийді негізге алатынын айтты.