“Ғалым Жұмабеков қандай мақсатпен келді?”. Щучинсктегі қоғамдық ұйым үндеу жасады

Dalanews 16 июл. 2025 12:50

15 шілдеде Щучинск қаласында түсініксіз жағдай орын алды. “Дала Қырандары” қозғалысының Щучинск қаласындағы өкілі Данияр Қапасовтың үйіне Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының (ҰҚҚБ) қызметкері Ғалым Қайратұлы Жұмабеков келіп, ешқандай түсініктемесіз алып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Данияр — өмірлік жолында түрлі қиындықты өткеріп, қазіргі таңда апробациядан өтіп жатқан жас азамат. Ол өзіне жауапкершілік алып, “Дала Қырандары” қозғалысының қатарына қосылды. Қазіргі уақытта ешқандай құқықбұзушылыққа бармай, талаптарды орындап жүр және өз қаласында ұйым жұмысын дамытуға белсенді атсалысуда”, — дейді “Дала қырандары” жастар қоғамдық бірлестігі.

Сағат 22:00-де Ғалым Қайратұлы Даниярдың үйіне келген. Бастапқыда бәрі жай әңгіме секілді көрінген. Алайда біраз уақыттан соң патруль мен апробация инспекторы шақырылып, Данияр еш түсініктемесіз тірек пунктіне жеткізілген.

Маңызды жайттар:

— Даниярдың әкесіне ұлына хабарласуға тыйым салынды.

— Кезекші прокурорды шақыру туралы өтініш ескерусіз қалды.

— Адвокат берілмеді.

— Қысым көрсетілді, бірақ ешқандай түсініктеме берілмеді.

“ҰҚҚБ қызметкерінің қандай мақсатпен келгені бізге беймәлім. Данияр ішкі қауіпсіздік департаментіне ресми өтініш жазды. Біз міндетті түрде бұл істің назардан тыс қалмауын қадағалаймыз.

Ғалым Қайратұлының мына сұрақтарға жауап беруін сұраймыз: Сізге Даниярдан нақты не керек болды? Не үшін келдіңіз? Бұл мәселені ресми, заңды жолмен шешуге не кедергі болды? 

Сөйлескілеріңіз келсе — ашық айтыңыздар. Біз әрдайым байланыстамыз.

Штабқа келіңіздер. Ресми түрде шақырыңыздар.

Шын мәнінде диалог керек болса, осылай жасайды. Шоу жасаудың қажеті жоқ”, — дейді  бірлестік.

Мұндай әрекеттер Мемлекет басшысы айтып жүрген «Заң және Тәртіп» ұғымына сай келмейді. Керісінше, бұл — бүгінгі таңда мемлекет ұстанып отырған бағытқа кереғар іс-қимыл.

“Ал біз дәл сол мемлекет ұстанып отырған бағыттың нақты көрінісіміз.

Заңға бағыну, жауапкершілік, жастармен жұмыс істеу, қоғам игілігіне қызмет ету — біз бұл туралы өз жазбаларымызда талай рет сөз қозғадық. Күмән тудырмас үшін сілтемелерді де қоса ұсынамыз.

Кеше болған жағдай заң мен тәртіп туралы емес. Бұл — қысым, қорқыту және үрей туралы.

Сіздердің әрекеттеріңіздің заңдылығына бағаны прокуратура береді.

Ал біз бұл істің жабылып қалмауын қадағалаймыз”, — деп түйіндеді бірлестік.


Рекомендовать
Последние новости