"1 АҚШ доллары - 490 теңге". Мұнай бағасы өссе де неге теңге құнсызданып жатыр

Кәмшат Тілеухан 05 нояб. 2024 12:13 2486

Апта басында мұнай бағасы ақырындап күш алғанымен, ол теңгеге шаққандағы АҚШ долларына ықпал ете алмай жатыр. Теңгенің құнсыздануына, сырттан гөрі ішкі факторлар көбірек әсер етуде. Ал қор биржасында ҚМА акцияларына сұраныс артты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған нарықтарға шолуды Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары әзірледі.

ВАЛЮТА НАРЫҒЫ

Бұл апта ұлттық валюта бағамының ары қарай әлсірей түсуінен басталды: қор биржасында дүйсенбідегі сауда-саттық көлемі 287,0 млн долларға (+92,9 млн) айтарлықтай өсіп, 1 АҚШ доллардың құны 489,15 теңгені (+0,88 теңге) құрады. Негізінен, сыртқы нарықтағы жағдай оң сипатқа ие, яғни аздап бағасы өскен мұнай долларға қысым көрсетуі тиіс, алайда бұл ретте ішкі факторлар көбірек рөл ойнап, теңге құнсыздана түсті. Шетел валютасын белсенді сатып алу жергілікті нарықтың жекелеген ірі ойыншыларына керек болды. Бұл қазақстандық компаниялардың импорттық келісімшарттар және сыртқы міндеттемелер өтемі сынды төлем мақсаттарын жүргізу үшін қажет болса керек. ҚР ҰБ деректеріне сәйкес, ІІІ-тоқсанда импорт көлемі 2%-ға, яғни 15,5 млрд долларға дейін ұлғайды, ал қазан-желтоқсан айларында сыртқы қарыз бойынша төлемдер 10,2 млрд долларды (2024 жылы ІІІ-тоқсанда - 8,7 млрд.) құрауы мүмкін. Ал еліміздегі ақша айырбастау орындарында 1 АҚШ доллары 490-492 теңге аралығында сатылуда.

ҚОР НАРЫҒЫ

Дүйсенбіде күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша KASE индексі іс жүзінде өзгерген жоқ (+0,03%), ол 5 213,56 тармақ белгісінде қалыптасты. "Қазатомөнеркәсіп" акцияларының құны аздап өсті (+0,9%), ал қаржылық нәтижелері келесі аптаның соңында күтіліп отырған БЦК-ның үлестік бағалы қағаздары бағасы аздап төмендеді (-0,9%). Сонымен қатар, S&P Global кредиттік рейтингісінде  ҚазТрансОйл компаниясы "ВВ+" деңгейі сақтап қалғаны хабарланды, болжам -"Тұрақты". Бүгінгі сауда-саттықта жергілікті инвесторлар тарапынан кеше ғана 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өндірістік көрсеткіштері туралы есебін жариялаған ҚМГ акциялары (мұнай/газ конденсатын өндіру және мұнай тасымалы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1% және 6,4%-ға өсті) сұранысқа ие болуда.

МҰНАЙ

Дүйсенбіде Brent мұнайының бір баррелі ОПЕК+ елдері мұнай өндірісі көлемін қалпына келтіру жоспарын кейінге қалдыру туралы шешімінен 75,2 долларға (+ 1,4%) дейін өсті. Қысқа және ұзақ мерзімді перспективада мұнайға деген сұраныстың арту болжамына қарамастан, мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 2,2 млн баррельге дейін қысқарту туралы шешім ағымдағы жылдың соңына дейін ұзартылды. Дегенмен, Eni-дің бас директоры ОПЕК+ тің өндірісті азайту жөніндегі қадамы жаңа өндіріске тартылуы тиіс инвестицияларды тежейді, бұл болашақта әлемдік нарықтағы мұнайға деген ұсыныстардың төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ, мұнай трейдерлері Мексика шығанағы қайраңында мұнай өндірісіне қауіп төндіруші жаңа тропикалық дауылға назар аударады. Сондай-ақ Федрезерв отырысының және Бүкілқытайлық жиналыстың қорытындысы негізгі тұтынушылардың мұнайға деген сұранысына әсер етуі мүмкін. Осы жағынан алғанда, мұнай бағамының болашақта қымбаттау ықтималдылығы жоғары.

Бұған дейін ОПЕК+ елдері мұнай өндірісі көлемін арттыру туралы жоспарды тағы да кейінге қалдырғанын жазған болатынбыз.

 

 


Рекомендовать
Последние новости