Қазақстанға келген саяхатшылардың 15 пайызы Жетісуда демалады

Dalanews 16 ақп. 2018 05:25 197

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ішкі туризмді дамыту мәселелері бойынша өткізген инвесторлармен кездесу жиынында Алматы облысы әкімдігі, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ және «Алматы Тау» Алматы өңірі туристік кластерінің қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде облыс басшысы А. Баталов Мемлекет басшысының тапсырмасымен инвесторлар тартуға, соның ішінде туризм саласын дамытуға өңірде ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өндірістегі шағын және орта бизнестің үлесі  43 %-ке жетті. Биылғы жылы облыс бойынша шағын және орта бизнестің 100 нысанын ашқалы отырмыз. Олардың ішінде тек шағын кәсіпорындар ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету, яғни туристік нысандар да бар. Мәселен, биылғы жылы өңірде 25 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, соның 12 мыңы шағын және орта бизнестің үлесінде болады, – деді А. Баталов.



Облыс басшысы, сонымен қатар туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартудың, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеудің үлкен әсер ететінін тілге тиек етті. «Мемлекет қолдауының арқасында жолдарды күрделі жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы Үшарал – Достық жолының күрделі жөндеуі басталуы тиіс. Бұл өз кезегінде Алакөлге баратындарға қолайлы жағдай туғызбақ. Балқаш көліне апаратын 140 шақырым жол да жөнделеді. Сонымен қатар Көлсай көлдеріне дейінгі жол жасалып, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен Шарын шатқалының 11 шақырымы жөнделеді деп жоспарланған, - деді А. Баталов.

Кездесуде сөз алған «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев туристерге көрсетілетін қызмет пен ұсыналатын тауарлар кешенін қалыптастыру мен ілгерілету, инвесторлар тарту, турбизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелері жөнінде ынтымақтастық орнатудың маңызы зор екенін атап өтті.

Өз кезегінде облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева «Алматы облысының 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасын» таныстырды.

Ж. Алчимбаеваның айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында 1,6 млн. туриске қызмет көрсетіліп, соңғы үш жылда туристер легі 77 % -ке ұлғайған. Көрсетілген қызмет ауқымы 8,3 млрд. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіпті. Бұл орайда көрсетілген қызмет көлемі жағынан облыс Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Яғни республика бойынша көрсетілген қызмет ауқымындағы үлесі – 8 %. Келушілер саны жағынан да облыс алғашқы үштікте. Елімізге демалуға келген саяхатшылардың 15 %-і Жетісу жеріне табан тірейді екен.

Жанар Алчимбаева өңірге туристер тарту мақсатында өткізілетін ірі шараларды да атап өтті. Олардың қатарында Сиверс алмасының гүлдеуіне арналған аса ауқымды жоба да бар.

Алматы облысының туристік әлеуетін кешенді дамыту жөнінде «Rakurs Consulting Group» компаниясының басқарушы серіктесі Досым Қадырбаев айтып берді.


Презентациямен танысқан қатысушылар Жетісудағы туризмді дамыту мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Спорттық және жартылай спорттық туризмнің түрлерін, соның ішінде бүгінгі күні танымал бола бастаған маунтинбайкті дамыту туралы ой қозғалды. Инвесторлар облыста көптеген қызғылықты кәсіпорындардың, фермалар мен бақ шаруашылықтарының болуы, сол сияқты автокэмпинг пен гастрономдық турлардың көптеген мүмкіндіктеріне ие екендігіаграрлық туризмді ілгерілетуге жол ашатынын жеткізді.

Кездесу соңында турбизнес өкілдері Жетісу аймағының туризмді дамытуға қолайлылығын бірауыздан қолдай келе, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, ішкі туризмнің барлық бағыттарын дамытуға атсалысатындарын айтты.

– Мемлекет басшысы туристік индустрия ел экономикасының басым саласының бірі болуы қажеттігін міндеттеді. Бұл ретте Жетісу өңірінің табиғаты керемет, ешқай өңірге ұқсамайтын өз ерекшелігі бар. Сондықтан біз көрікті жерлеріміздің көптігін тиімді падаланып, туризмді дамытуға сұранып тұрған нысандарға әлеуетті инвесторлар тарта білуіміз керек. Бүгінгі кездесуде облыс әкімдігі, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ және Алматы өңірі туристік кластерінің «Алматы Тау» қауымдастығы қол қойған өзара ынтымақтастық туралы меморандумы алға қойған мақсаттарымызға жетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді А. Баталов қорытынды сөзінде.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

 

https://dalanews.kz/32038

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x