"Қияр мен қызанақ Қытайдан келіп жатыр". Қашан Қазақстан өз-өзін қамтымақ?

Сағыныш Сардарова 13 мам. 2025 15:56 337

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров "қияр мен қызанақтың тапшылығын жою үшін не істеліп жатыр?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл картоп бағасы ғана емес, елде өсірілетін қияр-қызанақ та қымбаттаған. Тіпті тропикалық жеміс бананнан да қымбат болып, келісі 1300 теңгеге дейін жеткен.

Министр алда тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.

"Әр нүктеде баға әртүрлі болып жатыр. Бұл жерде тексеріс жұмысын күшейту керек. Бір жұма бұрын сауда министрімен кездесіп, осы жұмысты біраз талқыладық. Әр облыста сауда департменттері бар. Олар облыспен жұмысты атқарып, сауда нүктелерін аралап, қарап, бағаларды нақтылауы керек. Он бес пайыздан жоғары болмауы керек. Осы жағынан жұмысты күшейту керек, сондай келісімге келдік. Ендігі жұмада бұл жұмыс басталып кетеді", - деп жауап берді министр.

Үкіметтегі брифингте БАҚ өкілі елде қазақстандық өнім тапшы екенін, 20-30 пайыз көлемінде қияр мен қызанақ Қытайдан келетінін айтты. Министрге "тапшылық қалай жойылады?" деген сауал жолданды.

"Тапшылықты жою бойынша бұрын 1 млн 600 мың гектар жылыжай болса, қазір екі үлкен жылыжай салынып жатыр. Бес жүз гектардан. Шымкентте және Түркістан облысында. Осымен тапшылық жойылады. Елді қамту көлемі жүз пайызға дейін жетеді", - деп сендірді шенеунік.

Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артатынын мәлімдеген болатын. 

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін екі есе ұлғайту жөніндегі жол картасы аясында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Барлық тиісті көрсеткіш әкімдіктерге жеткізілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар