107 адамнан тұратын өнер ұжымы Оңтүстік көрермендеріне 20-ға жуық шығарма орындады. Олардың қатарында Елбасының«Туған елім», «Шұбарат» әндері орындалды. Сондай-ақ, келушілер Президенттік оркестрдің би ансамблі орындауындағы Сүгірдің күйіне арнайы қойылған «Аққу» қазақ биін тамашалады.
Айта кетерлігі, Президент оркестрі – республикалық ұланның құрамында 1992 жылы құрылған. Алғашқы тобын Республикалық ұланның Үрмелі оркестрі бастаған. Оркестрге мемлекеттік деңгейдегі протоколдық, дипломатиялық салтанатты іс-шараларды сазды бағдарламалармен қамтамасыз ету мақсаты жүктелген.
Қазіргі уақытта Президент оркестрі - фольклорлық музыкадан бастап классикалық, академиялық, сондай-ақ бүкіләлемдік музыка жанрларын орындайтын шығармашылық топ. Бүгінгі оркестр құрамына ән-би ансамблі, Халық музыка ансамблі және камералық музыка оркестрі топталған. Оркестрдегі Халық ансамблінің құрамына көптеген конкурстардың бас жүлдесін иеленген М.Нүкеев, А. Ахмадиев, М. Малдыбаев сияқты дарынды домбырашылар енген. 2003 жылдан бастап Президент оркестрі көпшілікке өзінің шығармашылық кештерін ұйымдастырып келеді.
Президент оркестріне бүгінде бірегей күйші, музыка саласының білгірі Р.Күлшебаев басшылық жасайды. Кеш соңында облыс әкімі Ж.Қансейітұлы Президент оркестірінің өнерпаздарына алғыс білдіріп, сый-сыяпат жасады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі