Тұрсын Жұртбай. Ғылым мен көркем әдебиетті ұштастырған

Dalanews 06 ақп. 2015 04:45 222

Мұхтар Мағауиннің көркем ойлау қабілеті оның тікелей ғылыми ой-жүйесінің мәйегімен жалғасып жатыр. Алғашқы әңгімесінен бастап, кейінгі әңгімелеріне дейін байқап қараған жанға онда бір адамның сезім күйінің талдауы мен көзқарасы бірден білініп тұрады. Шығармашылық психологияда көркем ойлау жүйенің көрінбейтін байланыстары мен түйсік түйістері болады. Мағауин жалпы шығармашылығында көркем ойды талдауға құрады. Салыстырмалы ойлау жүйесі басым. Көркем шығармадағы Мағауинді оның ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі Мағауиннен әсте бөлек қарай алмайсың.

[caption id="attachment_9117" align="alignright" width="204"]Мұхтар1 М. Мағауин[/caption]

Көркем дүниелерінде кейіпкер арқылы берілетін ойларда міндетті түрде ғылыми пайымдаулар мен ғылыми түйсіктердің тілі білініп тұрады. Демек, шығармашылық деген күрделі құбылыс Мағауиннің ойлау жүйесімен домбыраның қос ішегі сияқты қатар жаратылған болмыс. Мағауин өзінің жанрын таңдар кезде басымдықты не көркем шығармасына, не көркем ойына жұмсайды. Бірақ екеуі бір шығармашылық тұлғаның дүниесі ретінде үндестік табады. Оның көркем ойы кәдімгі қарапайым зерттеуден көркемдік шындық дәрежесіне көтерілгендігімен де биік. Түйінді, жүйелі. Мағауиннің «Қобыз сарыны» – зерттеу әлеміндегі ғылыми роман деуге болады. Жыраулар туралы зерттеуде сол бір көне замандағы дүниетанымға ғана емес, оның ішкі жан-дүниесіне де үңіле біледі. Біз одан да арғы дәуірді зерттеген монографияларды білеміз. Бірақ соның барлығы Мағауиннің «Қобыз сарыны» немесе «Алдаспаны» сияқты жалпының ойын тербейтіндей халықтық құбылысқа ие бола алмады. Бұл зерттеу еңбектің артықшылығы жазушының ой жүйесіне байланысты. Екінші бір жазған зерттеуі – Абайдың ақындық айналысы болды. Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың дәстүрі, мектебі, жалпы, Абай шығармаларының қазақ әдебиетіне әсері, Абай және Еуропа, Абай және орыс әдебиеті деген зерттеулер бізде өте көп. Бірақ соның ішінен Мағауиннің Ақылбайдың дастаны мен Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» романын салыстыруы, оның Абаймен байланысы ғылымда әлі күнге дейін толық тиянағын таппаған бағыт. Егер де Мағауин қалыптаған осы бағытты дамыта түссек Абайдың жан-дүниесін, көзқарасын, Абайдың кітапханасын ашуда жаңа бетбұрыс болар еді. Үшінші үлкен жаңалығы – салыстырмалы әдебиет тарихына келгенде, Мағауиннің тарихи тұлғалар туралы, соның ішінде «Қазақ тарихының әліппесі» сияқты таза тарихи бағыттағы еңбектерінің мүлде жаңа пайыммен түйінделетіні. Бізде Қазақстан тарихының 5 томдығы алты рет басылып шықты. Қазақ тарихының, оның ішінде, қазақ хандығы дәуірі тарихының белді-белді кезеңдері туралы арнайы зерттеулер жарияланды. Бірақ пайымы, тарихты түсінуі жағынан және тарихтағы кейіпкерлердің жан психологиясын ашуы жағынан көлемі шағын «Қазақ тарихының әліппесінің» деңгейіне көтеріле алған жоқ. Осы үш зерттеу еңбегі арқылы ол өзінің ғалымдық тұғырын қазақ ғылымының тарихнамасында мәңгілік бекітті деп ойлаймын.

 
Мұнда тарихшы Мағауин, әдебиетші Мағауин, әдебиет тарихшысы Мағауин, сондай-ақ, этнограф ғалым Мағауин, сонымен қатар, салыстырмалы ой иесінің тұлғасы көрінеді.

[caption id="attachment_9118" align="alignleft" width="271"]тУРСЫН Тұрсын Жұртбай[/caption]

Жалпы, Мағауиннің бойындағы ұлы бір қасиет – ол өзінің ықыласы мен ынтызары ауған тақырыпты түп-тұқиянына дейін біледі және сол тұстағы ойларын ғылымның әр саласы арқылы салыстырып, мүлде жаңа тұжырым жасайды. Жаңа көзқарас қалыптастырады. Мені әр кезде – жас кезімде, орта жаста, кейін егде тартқан шағымда да – тарихтың әр кезеңі туралы немесе жыраулар шығармашылығы хақында әңгіме қозғай қалсақ, ол мүлде жаңа бір қорытынды жасап, жаңа бір белеске жетелеп, жаңа бір түйін ұсынып отырады. Ал, осы мәселелерге неге қайта оралмасқа, неге дамытпасқа деген сауал көкейіңде қалады. Оның себебі, творчестволық психологияда деп ойлаймын. Автор өзінің көкейінде сақтаған ғылыми ойын түйіндеп, көркем ой деңгейіне жеткізуді мақсат етеді. Мағауин өзінің салыстырмалы тарихи ойы арқылы түйіндеген ойларын көркем шығармасына сарқып қалып отыратындай көрінеді. Оның үлкен бір мысалы, Шыңғыс хан туралы төрт кітаптан тұратын зерттеуі­нен анық аңғарылады. Мұнда тарихшы Мағауин, әдебиетші Мағауин, әдебиет тарихшысы Мағауин, сондай-ақ, этнограф ғалым Мағауин, сонымен қатар, салыстырмалы ой иесінің тұлғасы көрінеді. Менің ойымша, тарих туралы осы толғауы тәмам­далғаннан кейін Мағауин міндетті түрде осы бағытта көркем шығармалар жазады. Творчестволық психологиясы соған алып келеді. Жалпы, оның творчестволық психологиясын қарасаңыз, ең бірінші өзінің тақырыбына ғылыми пайымдау жасап, орнықтырып, толық көркем ой екшеп алған­нан кейін барып қана, көркем шығарма­ға көшеді. Мысалы, әуелгі сыни мақалаларынан кейін «Тазының өлімі», «Қияндағы қыстау», «Ватерлоо көпірі» сияқты әңгімелердің дүниеге келуі, «Қобыз сарынынан» кейін «Көк мұнар» мен «Аласапыран­ның» жазылуы, «Абайдан кейін «Сүлеймен патшаның кенішін» аударуы – оның белгілі бір дәрежеде творчестволық психология­сының даму жолын көрсетеді. Менің ойым­ша, «Шыңғыс хан» төрт томдығы арқылы тарихтың қатпар-қатпарына ой жүгіртіп, үлкен бір қансонардан қайтты. Салбурынға армансыз түсті. Енді сол түйген ойлар еріксізден еріксіз шығарма иесін көркем шығармаға жетелейді. Осы бір сабақ­тастық міндетті түрде алдағы уақытта жазушының көңіл-күйіне әсер етіп, жаңа бір лептегі туындылар жазады ғой деп ойлаймын.
Творчестволық психологиясы соған алып келеді. Жалпы, оның творчестволық психологиясын қарасаңыз, ең бірінші өзінің тақырыбына ғылыми пайымдау жасап, орнықтырып, толық көркем ой екшеп алған­нан кейін барып қана, көркем шығарма­ға көшеді.

Ғылымнан талай адам бет бұрып кетті. Оның себебі, ғылымның өзіне тән қызығы мен ауыр трагедиясы бар. Ашқан ғылыми жаңалығың белгілі уақыт аралығында ескіреді. Мысалы, қазір космосқа ұшу – адам қиялын тербетпейді. Қарапайым, үйреншікті жағдай. Ал, қаншама азап кешіп, сол жаңалықты ашқан ғалымдардың еңбектері мүлде ескерілмей қалуы да мүмкін. Ол, әсіресе, шығармашылық иесі үшін өте ауыр тиетін жайт. Ал, Мұхтар Мағауинге келсек, ол тарихи, ғылыми жұмысындағы түйіндерін көркем шығармаларымен бекіте түседі. Ғылыми еңбек пен көркем шығармашылықтың арасындағы байланыстың қызығы да, қиындығы да осында.

"Қазақ әдебиеті" газетінен



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x