Ұстаз, әрі тәлімгер

Dalanews 13 қаз. 2022 11:58 1032

Заң саласында өзіндік орны бар белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алуа Саламатқызы Ибраева биыл мерейлі 60 жасқа толды.

Алуа Саламатқызы – Қазақстанның заң ғылымының дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым-ұстаз, құқықтанушы. Халқымызда «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген нақыл сөз бар. Қырық жылға жуық ғылыми-педогогикалық қызметі барысында ол көптеген шәкірт тәрбиелеп, білікті заңгер мамандарды дайындады. Олардың көбі бүгінде ірі мемлекеттік тұлға, қоғам қайраткері, білікті заңгер дәрежесіне жетіп, ел дамуы жолында еңбек етуде. Профессор Алуа Ибраева – Қазақстандағы құқықтық мәдениет, құқықтық тәрбие мен сананың дамуы бағытындағы 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Оның 30 оқулық пен оқу құралы жарыққа шықты. Оның ішінде «Адам, қоғам, құқық» және «Мемлекет және құқық теориясы» оқулықтары мектеп қабырғасында, сондай-ақ 1-курс студенттеріне оқытылатын фундаменталдық оқулық болып табылады. Сол себептен ҚазҰУ-дың заң факультетіне түскен әрбір студент Алуа Саламатқызының дәрісін тыңдап, оқулығын қолға алды деп зор сеніммен айта аламыз.

Менің апаймен таныстығым 1996 жылы профессордың «Мемлекет және құқық теориясы» пәні бойынша дәрісін тыңдаудан бастау алды. Сабақтары өзіне тән сүйкімді бейнесі, көркем мінезі, жүріс-тұрысы, дикциясы және материалды қызықты түсіндірімен ерекше есте қалды. Апай аудиторияны толық баурап, бағындырып алатын.

Алуа Саламатқызы ҚазҰУ қабырғасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді.  1997-2008 жылдары кафедра меңгерушісі болған кезінде мен заң факультетінің «Мемлекет және құқық теориясы» кафедрасына жұмысқа қабылдандым. Алғашқы күннен-ақ белсенділігі мен еңбекқорлығына тәнті болдым. Ұстазды құрметтеуді де Алуа апайдан үйрендім.  Ұстазы Сұлтан Сартайұлын қашанда үлгі тұтып, мақтан етуі бізге үлгі болды.

Алуа Саламатқызы – менің  ғылыми жетекшім. Ол өте талапшыл, жас ғалымдардың еңбекқорлық пен ғылыми жаңа ізденістерін жоғары бағалайды. Кейде қолым қалт еткенде бос отыра қалсам, «Кітапханаға бар, ізден» деп дамыл бермейтін. Соның арқасында көптеген тәжірибе жинадым, шыңдалдым. Менің зерттеу тақырыбым – құқықтық сананың қалыптасу ерекшеліктеріне  арналды.  Қашанда тоқтап қалмай, алға қарай ұмтылуға жетелеп отырудың арқасында бүгінде мен де біршама жетістікке қол жеткіздім. Диссертациялық жұмысымды сәтті қорғауыма, ғалым ретінде қалыптасуыма және жемісті еңбек етуіме үлкен үлес қосқан ұлағатты ұстазыма, жанашыр тәлімгеріме айтар алғысым шексіз.

Сондай-ақ ұстазыммен бірлесіп «Мемлекет және құқық теориясы» оқулығын жарыққа шығардық.

Қазіргі таңда беделді басшы, ғалым-ұстаз, немере сүйіп отырған аяулы әже, ардақты ана Алуа Саламатқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.  Ұстазыма зор денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке және  шығармашылық табыстар тілеймін!

Ізгі ниетпен Спатай САРТАЕВ,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

жоғары оқу орнына дейінгі дайындық

кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар