Биыл Оңтүстіктен солтүстікке 700-ге жуық отбасы қоныс аударады

Dalanews 16 сәу. 2018 11:04 185

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында - еңбек нарығын жаңғыртуда басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсетуді атап көрсеткен болатын.


Осыған орай, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасы сәйкес, өңірден еңбек күші жетіспейтін  республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.




Мәселен, биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарлануда.



Аталған жұмыстарды атқаруға жергілікті атқарушы билікпен бірге өңірдегі іскер азаматтар, мәлихат депутаттары белсене атсалысуда. Оның дәлелі ретінде облыс мәслихатының депутаты Ж.Ағабековтың демеушілігімен 9 аудан, қаладан 75 отбасы алдағы уақытта қоныс аудару үшін солтүстік өңірімен танысып қайтатын болады.




Олардың 35-і Павлодар, 9-ы Қостанай, 26-сы Солтүстік Қазақстан облыстарына барады.



Шығарып салу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр оңтүстікқазақстандық отбасыларға сәтті сапар тіледі.


«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жоба 2015 жылы басталған болатын. 2015-2017 жылдары облыстан 1392 мүшесі бар 347 отбасы республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныс аударды. Олар жұмыспен қамтылып, әр түрлі салада жемісті еңбек етуде. Бүгін де 75 отбасы қоныс аударғалы тұр.  




Қоныс аударушыларға оның әрбір отбасы мүшелеріне 84175 теңге мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі.



Қоныс аударған азаматтардың тұрғын үй, жер, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілуі әкімдіктің тұрақты бақылауында болады», - деді Е.Әбілхайырұлы.


Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін 48100-72150 теңге мөлшерінде қаржы төленеді. Сондай-ақ, жұмыс орнын ашып, кемінде бес қоныс аударушыны үш жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына қабылдаған азаматқа әрбір жұмысшы үшін 1 082 250 теңге көлемінде субсидия беріледі.


 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x