Ж.Түймебаев: «Ордабасыға үш бидің ескерткішін орнату қажет»

Dalanews 25 там. 2017 04:42 188

Бірліктің бастауы болған Ордабасы тауының биігіне үш бидің ескерткіші орнатылам. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясында айтты.



– Ордабасы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін қазақ халқы қайта еңсесін тіктеп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», жауға қарсы аттанған жері. Ордабасыдағы Бірліктөбе ХVІІІ ғасырда үш бидің бастамасымен үш жүздің бектерінің, игі жақсыларының, батырлары мен сарбаздарының басы қосылып, жоңғар шапқыншыларына қарсы күш біріктіруге үндеген жер. Сондай-ақ, осы қасиетті жерде келер жылы 28 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ордабасы тауының биігінде баяндама жасағанына 25 жыл толады. Бұл тарихи дата. Ол жерде стеллалар тұр. Менің ұсынысым, төбенің басына Алаштың басын қосқан үш би – Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің ескерткішін орнатсақ, тамыры терең Қазақ тарихына жасалған құнды жәдігерлердің бірі болар еді, – деді әкім.

Бүгінде осынау ескерткіштің архитектуралық жұмыстары жасалынып жатқанын айтқан өңір басшысы оның биіктігі 15-20 метр болу қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, 1 мың гектар аумақты алып жатқан қастерлі жердің кіре берісіне жолдар мен демалыс орындары, дәмханалар салынатынын атап өтті.

Сонымен бірге, әкім Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған тарихта түрлі рөл атқарған қасиетті орындарды қолға алып, оны дамыту арқылы келешек ұрпақтың бойына сіңіру және соның аясында отандық туризмді де дамыту бағытындағы бірқатар жобаларымен бөлісті.

Айта кетейік, 1993 жылдың 26, 27, 28 мамыр күндері Ордабасының ұшар биігіндегі Бірліктөбеде (қазіргі Тутөбе) үш жүздің басы қосылған Төле, Қазыбек және Әйтеке билерді - жауға қарсы бірігіп, кеңес құрған бабаларымызды еске алуға арналған ұлы басқосу өткізілген-ді. 150 мыңнан аса адам қатысқан бұл жиынға бауырлас елдер - Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің сол кездегі басшылары Ислам Каримов пен Асқар Ақаев мәртебелі мейман ретінде келген болатын.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x